"Тұрмыс" ЖПІШ: Түркістан облысында 900-ден астам құқық бұзушылық анықталды
Түркістан облысында "Тұрмыс" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шара барысында полицейлер 900-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Негізгі мақсат - отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау және тосқауыл қою. Полиция қызметкерлері ішкі істер органдарында есепте тұрған 3876 адамды тексерді. Оның ішінде қорғау нұсқамасы шығарылғаны 853 адам болса, ерекше талап қойылғаны 444 тұрғын.
Сондай-ақ балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді атқармайтын 487 ата-ана бақылауға алынды. Бұдан бөлек, полицейлер құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 263 азаматқа қатысты қорғау нұсқамасын шығарды. 82 тұрғынның мінез-құлқына байланысты ерекше талаптар белгіленді, оның ішінде 62 адамға алкоголь ішуге тыйым салынды. "Тұрмыс" іс-шара аясында барлығы 947 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Мәселен, Төлеби ауданының тұрғыны күйеуімен болған отбасылық жанжалға байланысты полициядан көмек сұрады. Полицейлер ер адамға қатысты қорғау нұсқамасын шығарды, есепке алды. Сондай-ақ 40 жастағы әйелге әлеуметтік-психологиялық қолдау секторында құқықтық және психологиялық көмек көрсетілді. Олардың ішінде 30-дан астам ата-ана бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін жауапқа тартылды.
Алкогольді сату жөніндегі талаптарды бұзған 36 адам анықталды. Алкогольді ішкені немесе қоғамдық орындарда мас күйінде пайда болғаны үшін 387 тұрғынға шара көрілді. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе заңды өкілдерінің еріп-жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуының 490 жайты анықталды.
Іс-шара аясында отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тәртіп сақшылары азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру жөніндегі жұмыс алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.