Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы алдыңғы шептегі полицей
Полиция қызметінің қыр-сырын меңгеріп, құқық қорғау саласындағы жауапты міндеттерін мінсіз атқарып жүрген арулар аз емес. Солардың бірі – Атырау облысы полиция департаменті отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы Әйгерім Мұратова. Ол туралы толығырақ Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Ол күнделікті қызметінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, тұрмыстық жанжалдардың алдын алуға және жәбірленушілерге көмек көрсетуге ерекше көңіл бөледі. Әйгерім Мұратқызының негізгі қызметі – құқық бұзушылықтарды дер кезінде тоқтату, зардап шеккен азаматтарға қолдау көрсету және осындай жағдайлардың қайта болуына жол бермеу. Соңғы жылдары заңнамаға енгізілген өзгерістерді тәжірибеде тиімді қолдану арқылы тұрмыстық жанжалдардың санын азайтуға қол жеткізілді.
Полицей арудың кәсіби жұмысы тек заңдық шаралармен шектелмейді. Ол полиция департаменті мен қоғамдық ұйымдар арасындағы өзара ынтымақтастыққа ерекше мән береді. Мысалы "Шаңырақ-2008" қоғамдық бірлестігімен бірлескен профилактикалық және психологиялық жұмыстар азаматтармен жеке жұмыс жүргізудің тиімділігін арттырды. Психологтардың қатысуымен өткізілетін түсіндіру шаралары құқықбұзушылардың мінез-құлқын түзетуге және отбасындағы ахуалды тұрақтандыруға көмектеседі.
Әйгерім Мұратова нәзік болмысына қарамастан, батыл шешім қабылдай білетін, мүлтіксіз тәртіп пен заңдылықты ұстанатын маман. Полиция қатарында осындай жан-жақты, табанды және жан жүрегімен қызмет ететін мамандардың болуы – еліміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығының маңызды кепілі.
