Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес. Заңнамалық бастамалар
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – полиция қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі. Бұл мәселедегі заңнамалық бастамалар туралы ІІМ апталық брифингінде департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.
Өткен жылы Президенттің тапсырмасымен Қылмыстық және Әкімшілік кодекстерге түзетулер енгізілді. Былтыр 1 шілдеден бастап полиция тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің арыз беру сипатынан анықтау сипатына көшті. Қазір әкімшілік іс нақты дерек негізінде қозғалады.
– Егер бұрын жыл сайын құқық бұзушылықтар туралы 100 мыңға жуық сигнал түскен болса, 70%-ға жуық жағдайда полиция жәбірленушілердің арыз жазудан бас тартуына байланысты шара қолдана алмайтын. Арыз беру сипатынан анықтау сипатына көшкеннен кейін зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасылармен профилактикалық жұмыс жанданды.
Өткен жылы тұрмыстық жанжал туралы 99 мың хабарлама түскен, онда 79 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке, мыңға жуық азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды, – деді спикер.
Полиция әрбір отбасылық жанжал бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қайталану қаупін бағалайды. Өткен жылдың тамыз айынан бастап 18,5 мыңнан астам отбасы арнайы сауалнамадан өтті. 884 отбасыда құқық бұзушылықты қайта жасау қаупі жоғары екені анықталды. Құқық бұзушыларға агрессияны болдырмау үшін өз еркімен психокоррекциялық курстардан өту ұсынылды.
Жәбірленушілердің қауіпсіздігі үшін учаскелік полиция инспекторлары 87 мың қорғау нұсқамасын шығарды. Полицияның өтініші бойынша соттар құқық бұзушының мінез-құлқына, оның ішінде алкогольді ішуге тыйым салуға байланысты 15 мың ерекше талап қойды. Тәртіп сақшылары мұндай азаматтарды қатаң бақылауда ұстайды. Жалпы сот шешімі бойынша қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін барлығы 2770 агрессор және мінез-құлыққа қойылатын ерекше талаптарды орындамағаны үшін 5926 құқық бұзушы қамауға алынды.
– Қабылданған шаралардың нәтижесінде қоғамда құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеу қағидаты қалыптасады. Алайда тек полицияның күшімен тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін шешу мүмкін емес. Отбасындағы жанжалдардың негізгі себептері – маскүнемдік, адамгершілік құндылықтардың төмендеуі және басқа да қиындықтар. Осыған байланысты Үкімет тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі саясатты қайта қарау жөніндегі Жол картасын іске асыруда, – деді Шыңғыс Алекешев.
Оның сөзінше, өңірлерде өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау бойынша мобильді топтар құрылды. 2023 жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында учаскелік инспекторлар қолайсыз жағдайдағы отбасыларға 67 343 тексеру жүргізіп, арнайы әлеуметтік көмекке мұқтаж 2349 отбасыны анықтады. 2024 жылдың қаңтар айында осындай 325 отбасы анықталды.
Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспарына сәйкес Парламент Мәжілісінің депутаттары әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды жаңғырту жөніндегі шараларды күшейту бойынша заңнамалық түзетулер әзірледі.
Заң жобасында:
– отбасылар мен балаларға көмек көрсету инфрақұрылымын құру, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, зорлық-зомбылық құрбаны болған адамдарды қолдау жөніндегі шаралар кешені;
– зорлық-зомбылық әрекеттері үшін жауапкершілікті қатаңдату;
– бала құқығын қорғауға мемлекеттік бақылауды күшейту, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар мен сауықтыру лагерлерін лицензиялауды енгізу жөніндегі нормалар қарастырылған.
Алдын алудың жаңа шараларын енгізу бөлігінде:
– отбасыларға көмек көрсетуді үйлестіру бойынша функцияны әлеуметтік қорғау басқармаларына бекіту;
– өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдар мен отбасыларды ерте анықтау жөніндегі мобильді топтардың тетігін енгізу;
– медициналық-әлеуметтік есепке алуды жүргізу жөніндегі жауапты мемлекеттік органды айқындау көзделген.
Бұдан басқа:
– зорлық-зомбылыққа, қатыгездікке, буллингке ұшыраған кәмелетке толмағандарға көмек көрсету бағдарламаларын әзірлеу бойынша орталық атқарушы органдардың құзыретін анықтау;
– отбасын қолдау орталықтарын, балаларға арналған психологиялық қолдау орталықтарын құру бойынша жергілікті атқарушы органдарға құзырет беру ұсынылады.
Жауапкершілікті қатаңдату бөлігінде:
– кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар бойынша татуласу мүмкіндігін болғызбау;
– өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізгені, денсаулығына қасақана ауыр және ауырлығы орташа зиян келтіргені, кәмелетке толмағандарды азаптағаны, зорлағаны, ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін қылмыстық жауаптылықты күшейту көзделеді.
Бұл ретте баланы өлтіргені немесе зорлағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.
Заң жобасында денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды жыныстық қатынасқа түсіру және суицидті насихаттау үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Кәмелетке толмағанды қорқытқаны, қоғамдық көліктен 16 жасқа толмаған адамдарды мәжбүрлеп түсіргені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.