Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестегі жауапты қызмет

Таңғы тыныштықты күзетіп, түнгі мазасыздықпен бетпе-бет келетін полиция қызметі бар. Сол жолда погон тағып, кәсіби жауапкершілікті нәзік болмыспен ұштастырып жүрген әйел полицейлердің орны айрықша. Қызылқоға ауданы полиция бөлімінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы Айгерім Шәкірова – осындай жандардың қатарында. Ол туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Айгерім Маратқызы 1992 жылдың 5 наурызында Қызылқоға ауданының Миялы ауылында дүниеге келген. Бала күнінен полиция қызметін армандап өскен ол бұл мамандықты кездейсоқ таңдаған жоқ. Оның айтуынша, тәртіп сақшысы болу – қоғам алдындағы жауапкершілік.
Ол Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде жоғары білім алып, 2015 жылы ішкі істер органдарына Қызылқоға ауданында кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы ретінде атқарды.

- Учаскелік инспектор немесе отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының қызметінде жауапкершілік әрдайым жоғары. Кейде қиын сәттерде дұрыс шешім қабылдау қажет болса, кейде сабыр мен адамгершілік алдыңғы орынға шығады. Әйелдерге тән сабыр, төзімділік пен адамдарды тыңдай білу қасиеттері осы қызметте үлкен артықшылық береді. Осы қасиеттер арқылы жұмысты тиімді атқаруға болады, – дейді ол.

Айгерім қызмет пен отбасының міндеттерін қатар атқару – әр әйел полицей үшін жауапкершілікті талап ететін маңызды іс екендігін айтады.

- Күнделікті жұмыс барысында кездесетін күрделі жағдайларды шешумен қатар, отбасындағы міндеттерді де ұмытпай, үйлестіре білу қабілеті олардың кәсіби шеберлігі мен жеке өмірдегі тепе-теңдікті сақтауда үлкен рөл атқарады. Біздің қызметте тәртіп пен жауапкершілік алдыңғы орында. Ал үйде жылылық пен түсіністік болуы керек. Екеуінің арасындағы тепе-теңдікті таба білуге тырысып жүремін. Расында отбасының қолдауы мен сенімі қызметтегі табандылыққа ерекше күш береді, – дейді ол.

Айгерім Шәкірованың жылдар бойғы адал еңбегі мен кәсіби шеберлігінің арқасында қоғамдық тәртіпті сақтаудағы белсенді қызметі үшін жоғары бағаланып бірқатар марапаттарға ие болған. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне қарасты полиция департаментінің басшылығы тарапынан алғыс хаттар мен құрмет грамоталары, Қызылқоға ауданы полиция бөлімінің басшылығынан арнайы алғысхатпен марапатталды. Бұдан бөлек, аудан аумағындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін Қызылқоға ауданы әкімінің Алғыс хатымен марапатталған.

Бүгінде қоғамда әйел полицейге деген көзқарас өзгеріп келеді. Олар тек қызметтік міндетін атқару кезінде қиын сәтте бағыт көрсететін, қорған болатын тұлғаға айналды. Шәкірова Айгерім Маратқызы секілді асқан жауапкершілікті сезініп қызмет ететін әйелдер барда, қоғамдағы тәртіп пен сенім нығая беретіні сөзсіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру