Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тұтқаның ар жағындағы тұзақ

Соңғы жылдары телефон арқылы жасалатын алаяқтық қоғам үшін ең өзекті қауіптің біріне айналды. Оңай олжа табуды көздеген алаяқтар заманауи технологияларды, психологиялық қысым мен сенімге кіру жолдарын шебер пайдаланып, азаматтарды қаржылай және моральдық тұрғыда шығынға ұшыратып жатыр. Яғни бетпе-бет жүздеспей-ақ, тұтқаның ар жағынан іші-бауырыңызға кіріп, әп-сәтте миллиондаған ақшаңызды жымқырады. Ең алаңдатарлығы – мұндай алаяқтықтың құрбаны кез келген адам болуы мүмкін: зейнеткер де, студент те, кәсіпкер де, тіпті құқықтық сауаты бар азаматтар да алаяқтардың арбауына түсіп қалып жатады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Құқық қорғау органдарының сөзіне сүйенсек, телефон алаяқтығының кең таралуына бірнеше фактор әсер етеді. Біріншіден, халықтың цифрлық қызметтерді белсенді пайдалануы. Екіншіден, банктік қосымшалар, онлайн несиелер мен электронды сервистердің қолжетімділігі. Үшіншіден, айлакерлердің әрекет ету тәсілдерінің үнемі өзгеріп, күрделене түсуі. Сондықтан телефон арқылы алданбау үшін әр азамат сақтық шараларын біліп қана қоймай, оны күнделікті әдетке айналдыруы тиіс.

– Телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың ең кең тараған түрлері – белгілі бір мекеменің атынан хабарласу. Яғни алаяқтар таңдаған құрбанына өзін банк қызметкері немесе құқық қорғау органы өкілі ретінде таныстырады. Мұндай жағдайда олар қоңырау шалушы азаматқа оның есепшотында күмәнді операциялар анықталғанын немесе атына несие рәсімделіп жатқанын хабарлайды. Әдетте әңгіме барысында асықтырып, қорқыту тактикасы қолданылады. «Қазір әрекет етпесеңіз, ақшаңыздан айырыласыз», «Сіздің атыңыздан қылмыс жасалуы мүмкін» деген сөздер арқылы адамды ойлануға мұрша бермей, тез шешім қабылдауға итермелейді, – дейді Астана қаласы ПД КҚІҚБ аға жедел уәкілі Айдар Қонысбек.

ІІО қызметкерінің айтуынша, тағы бір жиі кездесетін әдіс – туыс немесе жақын адамның атын жамылып хабарласу.

– Алаяқтар "Балаңыз жол апатына түсті", "туысыңыз полицияда отыр" деген сынды жалған ақпарат таратып, мәселені "ақшамен шешуді" ұсынады. Мұндай кезде эмоцияға берілген адам логикалық ойлауды ұмытып, алаяқтардың талабын орындап қоюы мүмкін. Тіпті кей жағдайда медицина қызметкерінің, "Қазпошта" өкілінің атын жамылып та қоңырау шалады, – дейді Айдар Қонысбек.

Сонымен қатар ұтыс ойыны, жәрдемақы, мемлекеттік төлем немесе бонустар туралы сүйінші сұрап хабарласатындардан да сақ болу керек. Қара ниеттілер белгісіз нөмірден немесе мессенджер арқылы келген сілтемелерге өтуді ұсынып, деректерді енгізуді сұрайды. Осылайша қылмыскерлер банк картасының деректерін немесе жеке мәліметтерді заңсыз иемденеді.

– Телефон алаяқтары үшін ең басты олжа – азаматтың жеке және қаржылық деректері. Оларға банк картасының нөмірі, CVV-код, SMS арқылы келетін бір реттік құпия сандар, жеке сәйкестендіру нөмірі, электронды цифрлық қолтаңба немесе банк қосымшасына кіру деректері қажет. Банктер мен мемлекеттік органдар ешқашан телефон арқылы құпия деректерді сұрамайды. Егер қоңырау шалушы өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, карта деректерін немесе SMS-кодты айтуыңызды талап етсе – бұл алаяқтықтың айқын белгісі екенін ұмытпаңыз, – дейді полиция капитаны Айдар Қонысбек.

Жедел уәкілдің сөзінше, ең алдымен, кез келген күмәнді қоңырауға салқынқандылықпен қарау қажет. Бейтаныс нөмірден хабарласып, ақшаға немесе жеке деректерге қатысты әңгіме қозғалған жағдайда бірден сақтық танытқан жөн. Асығыс шешім қабылдамаңыз, әңгімені бірден тоқтатып, ақпаратты өзіңіз тексеріңіз.

Екінші маңызды ереже – құпия ақпаратты ешкімге айтпау. Карта нөмірі, құпия кодтар, SMS арқылы келетін парольдер тек сізге ғана арналған. Ешкімге, тіпті өзін банк немесе полиция қызметкері ретінде таныстырған адамға да бұл мәліметті беруге болмайды.

Үшіншіден, күмәнді сілтемелерге өтпеу керек. Қосымшаларды тек ресми дүкендерден жүктеп, күмәнді файлдарды ашпаған жөн.

Төртіншіден, туыстарыңызбен өзара құпия сөзді таңдап, келісіп қою пайдалы. Күтпеген жағдайда, әсіресе шұғыл көмек сұралса, сол сөз арқылы ақпараттың шынайылығын тексеруге болады. Бұл әдіс әсіресе қарт адамдар үшін тиімді.

ІІМ интернет-алаяқтыққа қарсы күреске ерекше назар аударады. Киберқылмыстарды анықтау және жолын кесу үшін арнайы бөлімшелердің жұмысы күшейтілуде. Мысалы, өткен жылы полиция 19 миллионнан астам алаяқтық қоңырауды тоқтатты. Профилактикалық рейдтер, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, халық көп шоғырланатын жерлерде ақпараттық жадынамалар да таратылады. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде қылмыстың алдын алу жолдары тұрақты түрде жарияланады. Учаскелік полиция инспекторлары да азаматтарға алаяқтық жайлы жиі ескертіп, сақтық шараларын айтады. Дегенмен қандай шара қабылданса да, жеке сақтық пен құқықтық сауаттылық бірінші орында тұрады. Әр азамат өзінің қауіпсіздігіне өзі жауапты екенін түсінгенде ғана мұндай қылмысқа түбегейлі тосқауыл қойылады.

Жоғарыда атап өткендей, телефон арқылы жасалатын алаяқтық – бүгінгі қоғамның өзекті мәселесі. Оған қарсы күрестің ең тиімді жолы – ақпараттандырылған және сақ азамат болу. Кез келген күмәнді қоңырауға сенбеу, жеке деректерді қорғау, эмоцияға берілмеу және ақпаратты тек ресми көздерден тексеру – қарапайым, бірақ аса маңызды қағидалар.

Қауіпсіздік – тек полицияның ғана емес, әр азаматтың ортақ міндеті. Сондықтан өзіңізді және жақындарыңызды алаяқтардан қорғау үшін сақтық шараларын естен шығармау қажет. Өзгелерге де түсіндіру – қоғам алдындағы жауапкершілік.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру