Туыстарының атына онлайн-несие рәсімдеген қыз анықталды
Түркістан облысының полицейлері туыстарының атынан несие рәсімдеген алаяқты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ордабасы АПБ-не туыс апалы-сіңлілі екі жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленуші әйелдердің айтуынша, бейтаныс адам олардың атынан онлайн-несие алған. Тұрғынның атынан бес бірдей микрокредиттік ұйымдардан 350 мың теңгедей несие алғанын жеткізсе, келесісінің атынан үш банктен 100 мың теңгеден астам несие алынғанын көрсеткен. Бір жылда берешектері көбейіп, банктен хабар келгенде тұрғындар тез арада тәртіп сақшыларынан мән-жайды анықтауға көмек берулерін сұраған. Аталған жайт СДТТБТ-не енгізіліп, ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.
Арызданушылардың шағымына сәйкес, орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында Ордабасы ауданы полицейлері қажетті іс-шараларды жүргізді. Тексеру жұмыстары нәтижесінде полицейлер осы қылмысқа қатысты күдіктіні анықтап, оны тұрғылықты мекенжайы Шымкент қаласынан ұстады. Ол жәбірленушілердің туыс сіңлісі болып шықты.
Тергеу барысында анықталғандай, жәбірленуші өткен жылы туыс әпкелеріне хабарласып, қарыз таныстары ақша тастайтынын, сол үшін банктік карточкаларының кодтары мен жеке куәліктерінің мәліметтерін суретке түсіріп жіберуді сұраған. Содан туысына сенген жәбірленушілер, ол сұратқан ақпараттарды береді. Осы арқылы күдікті онлайн-несие алуға өтініш тастап, несие рәсімдеген. Күдікті өз кінәсін толық мойындап отыр. Күдіктінің бас шарасы қолхатпен босатылды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер оқиғаның толық мән-жайын анықтауда.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға өзіңізге қатысты жеке, құпия сандарды ешкімге бермеңіздер деп ескертеді. Банктік карточкаларыңыз бен жеке куәлігіңізге, жалпы құжаттарыңызға ұқыпты болыңыздар. Егер осындай интернет-алаяқтығының куәсі немесе құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыздар.