Түзеу мекемелерінен босаған 30-ға жуық адам үйлеріне жеткізілді
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты аудандық пробация қызметкерлері түзеу мекемелерінен босап шыққан 30-ға жуық сотталғанды блок-бекеттерден күтіп алып, үйлеріне дейін жеткізіп салды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ел аумағында төтенше жағдай режимі аяқталса да, қылмыстық-атқару жүйесі
қызметкерлерінің түзеу мекемелерінен босаған адамдарды үйлеріне дейін жеткізіп салу
жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің пробация қызметіне басшылық ету бөлімінің басшысы Азамат Наукеновтің айтуынша, аталған жұмыстар қылмыстық-атқару жүйесі комитетімен алдын ала дайындалған кестеге сәйкес жүзеге асады.
– Жалпы, блок-посттан күтіп алып, жеткізіп салу жұмыстары негізінен: Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан секілді облыстармен жүзеге асып жатыр. Мәселен, сотталған адам Батыс Қазақстан облысындағы түзеу мекемесінен босатылып, Қызылорда қаласындағы үйіне баруы тиіс болса Батыс Қазақстан облысының түзеу мекемесінің қызметкерлері сотталғанды Ақтөбе қаласының Қобда ауданына дейін жеткізіп, Қобда аудандық пробация қызметкерлері әрі қарай Ақтөбе қаласының Астана аудандық пробация қызметкерлеріне тапсырады да, Астана аудандық пробациясының қызметкерлері Хромтау аудандық пробация қызметкерлеріне жеткізеді. Ал, Хромтау аудандық пробациясының қызметкерлері Қызылорда облысындағы Арал блок-постынадейін барып, Қызылорда аудандық пробация қызметкерлеріне тапсырады. Соңғысы әрі қарай сотталғанды үйіне дейін жеткізіп, жақындарына тапсырады. Дәл қазір бұл жұмыстар әлі де атқарылып жатыр және ел аумағынан карантин толық шешілгенше: барлық блок-пост алынғанға дейін жалғасады,- дейді әділет капитаны Азамат Наукенов.
Әрине, аяғын шалыс басып, өз жазасын өтеп шыққан баласымен немесе жарымен қауышқандардың қуаныштарында шек болмады: көздеріне жас алып, пробация қызметкерлеріне де алғыстарын айтты.
– Елімізде төтенше жағдай орын алған кезде, жаза өтеу мерзімі аяқталуы жақынбалаларымыз үйге жете алмай қала ма деп уайымдағанымыз рас. Бірақ, қылмыстық атқару жүйесі комитетінің басшылығы бастап, департамент басшылықтары қолдап, жолдағы кедергіге қарамастан осындай мүмкіндік туғызған екен. Бүгін міне, Қостанай қаласындағы түзеу мекемесінен шыққан баламызды пробация қызметкерлері барлық гигиенаны сақтай отырып, үйге дейін жеткізіп берді. Осыдан кейін барлық қызметкерлерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді түзеу мекемесінде тоғыз жыл жазасын өтеп, бостандыққа шыққан ер адамның анасы.