Түзеу мекемесінің аумағына насыбай өткізу дерегінің жолы кесілді
Алматы облысының Заречный кентіндегі түзеу мекемесіне 250 гр насыбай өткізбекші болған азамат ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысы бойынша ҚАЖД қарасты ЛА-155/14 мекемесі қызметкерлерінің қырағылығының арқасында тыйым салынған заттарды мекеменің қоршауынан лақтыру дерегінің жолы кесілді.
– Келіп түскен жедел ақпаратқа сәйкес мекеме қызметкерлері дереу тыйым салынған зат лақтырылған жерге қарай бет алған. Түзеу мекемесінің тыйым салынған аймағындағы учаскелерінің бірінде колония қызметкерлері мен жергілікті учаскелік полиция инспекторы Заречный кентінің 27 жастағы тұрғынын ұстады. Ер азаматтан ерекше иісі бар зат салынған, таспамен оралған қара целлофан пакет алынды. Пакетке 250 гр насыбай салынған болып шықты. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қызметтік тергеу жүргізілуде, – деп хабарлады Алматы облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі.
– Өкінішке орай, қабылданған барлық профилактикалық іс-шараларға қарамастан, сотталғандардың туыстары, достары және басқа да адамдар сотталғандарға тыйым салынған заттарды лақтыру және енгізу әрекеттерін жалғастыруда. Өз кезегінде, мекеме қызметкерлерінің қырағылығының арқасында мұндай әрекеттер дереу тоқтатылады, – деп түсіндірді аймақтық ҚАЖД бастығының орынбасары Жәнібек Қосжанов.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы тыйым салынған заттарды мекеме аумағына жасырын өткізудің 15 дерегінің жолы кесілген.