Тыныштық күзетіндегі тарлан: учаскелік инспектордың қызметтігі бір күні
Полиция қызметі – еліне адалдықпен қызмет етуді, әр іске жауапкершілікпен қарауды, қиындыққа қайыспай төтеп беруді қажет ететін мәртебелі де күрделі сала. Қоғам тыныштығын күзету – екінің бірінің маңдайына жазылмайтын, асқан табандылық пен тегеурінді төзімді талап ететін миссия. Осындай жауапты міндетті адал атқарып жүрген жандардың бірі – Атырау облысы Жылыой аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Нұржан Жетенов туралы Polisia.kz сайты әңгімелеп береді.
Нұржан Жетенов құқық қорғау саласындағы еңбек жолын 2009 жылы бастаған. Содан бергі он алты жыл бойы ол ел алдындағы адал қызметін абыроймен атқарып келеді. Өз ісіне шынайы берілгендік, кәсіби біліктілік, заңға деген адалдық пен әділ шешім – оның болмысына тән қасиеттер. Көпшілікке үлгі боларлық осы қырлары арқылы Нұржан Есбосынұлы қарапайым халықтың сенімінен шығып, абырой биігінен көрініп жүр.
Инспектордың әр күні таңғы салқынмен басталады. Алдымен қызметіне тиесілі аумақтың тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындардың шағымдары мен өтініштерін мұқият зерделейді. Отбасылық жанжалдар мен тұрмыстық дауларды реттеп, бейбіт жолмен шешуге күш салады. Құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, түрлі мекемелерде профилактикалық кездесулер өткізеді. Ал кей кездері түнгі кезекшілікке түсіп, қоғамдық тәртіп пен тыныштықтың сақталуын қамтамасыз етеді. Себебі полиция қызметі – бұл тек қызметтік уақытпен шектелмейтін, ұдайы сергектікті, үнемі әзірлікті қажет ететін өмір салты.
Нұржан Есбосынұлы үшін халықпен етене жақын болу – басты қағидалардың бірі. Ол әрқашан ашық сөйлесіп, кез келген мәселені заң шеңберінде әділ шешуге тырысады. Сондықтан да ауыл тұрғындары оны сенімді тірек, әділ төреші, жауапты азамат ретінде қабылдайды.
Міне, осылайша, учаскелік инспектордың бір күні – тынымсыз тірлікке, ізгілік пен ыждағаттылыққа толы. Халықтың тыныштығын күзетіп, елге қалтқысыз қызмет етіп жүрген Нұржан Жетенов секілді тәртіп сақшыларының ерен еңбегі – қандай құрметке де лайық.
Осындай жанкешті қызмет иелерінің арқасында қоғамда тұрақтылық пен тәртіп орнап, жұрт бейбіт өмір кешуде. Тыныштық күзетінде тұрған абзал азаматтың еңбегі әрдайым бағалануға тиіс.