Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Учаске" іс-шарасы: Атырауда құжатсыз азаматтар мен әлеуметтік қолдауға мұқтаж тұлғалар анықталды

Атырауда құжатсыз азаматтар мен әлеуметтік қолдауға мұқтаж тұлғалар анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырау облысында құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде. Оның аясында учаскелік полиция инспекторлары бекітілген аумақтардағы тұрғын үйлерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, профилактикалық рейдтер ұйымдастыруда.

Іс-шара басталғаннан бері облыс көлемінде жеке басын куәландыратын құжаты жоқ төрт азамат анықталып, оларға қатысты тиісті құқықтық шаралар қабылданды. Сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған үш зейнеткерге әлеуметтік көмек көрсету үшін құзырлы мемлекеттік органдарға сұраныс хаттар жолданды.

Мәселен, Құрманғазы ауданында жалғыз тұратын қарт азамат анықталып, оған әлеуметтік қолдау көрсету үшін аудандық полиция бөлімі жергілікті атқарушы органдарға өтініштер жіберді.

Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Абзал Әліпқалиевтің айтуынша, учаскелік инспекторлар тек құқық бұзушылықтың алдын алып қана қоймай, тұрғындардың әлеуметтік жағдайына да назар аударып отыр.

- Учаскелік инспекторлар қызметтік міндетінен бөлек, азаматтық ұстаным танытып, көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік жеткізіп, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сынды игі істерге бастамашы болып жүр, – деді ол.

Сонымен қатар рейд барысында тіркелмеген қару-жарақ фактілері мен есепте тұрған тұлғалардың тарапынан жасалған құқық бұзушылықтар да анықталды.

Полицейлер тұрғындарды учаскелік инспекторлармен тығыз байланыста болуға және қоғам қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырды. Азаматтардың белсенділігі құқық бұзушылықтардың алдын алуға әрі қоғамдық тәртіпті нығайтуға оң ықпал ететіні атап өтілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру