“Учаске” ЖПІШ: Атырау облысында полиция тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді
1 қыркүйектен бастап еліміздің әрбір учаскелік полиция инспекторлары өздеріне бекітілген аумақтардағы әрбір тұрғын үйдің есігін қағып, азаматтармен түсіндірме жұмыстарын жүргізуді бастады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Мұндағы мақсат - тұрғындардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуді күшейту. Азаматтардан үй-жайда қанша адам тұратыны, оларды мазалайтын құқықтық сауалдар мен ұсыныс-талаптары да тіркелуде. Осы жұмыс бағытында баспасөз қызметімен бірлескен рейдтік шара өткізілді. Учаскелік полиция инспекторларының айтуынша тұрғындармен жүргізілген мұндай сұхбаттасулар оларды мазалаған сұрақтардың шешімін тауып қоймай, үлкен профилактикалық, яғни қылмыстардың алдын-алуда ықпалын тигізуде.
- Міне, қазір біз мына көшедегі көпқабатты тұрғын үйлерді тексеруден бастаймыз. Тұрғындардың басым көпшілігі кешкілік уақытта үй-жайларында болатынын ескеріп осы уақыт аралығында тексеру жүргізуді бастағаныма бір апта болды. Және де бұрын ПИК қызметі болды, қазір ОСИ қызметіне ауысу әлі де жалғасуда, тұрғындардың пікірі екіге бөлініп, кейбір тұрғын үйлер ондай қызметтен құр қалып отырғаны жасырын емес. Қоғамдағы құқық бұзушылықтар ең алдымен тазалықтан басталады, сондықтан осындай тұрғын үйлерді бірінші тексерудеміз. - деді, Атырау қаласындағы №2 учаскелік полиция пунктінің учаскелік полиция инспекторы Нұрбол Тағаберген.
Тәртіп сақшысы айтқандай, тексеруді бастай салысымен қоғамдық орында мас күйде отырған тұрғын анықталып, тиісті шарасын алу үшін бөлімшеге жөнелтілді. Учаскелік полиция инспекторы тұрғындармен сұхбатын жүргізіп, қазға тізгендей қағазына талап-ұсыныстарын жазып алды.
- Мен, қала тұрғынымын. Учаскелік полиция инспекторының жұмысы ұнайды, үнемі маған Whats App желісінде жедел жауап береді, келеді, шарасын алады. Тек мына аумақта көп патрульдеп жүруін сұраймын. Осы жерде тұрған соң тазалыққа көп мән беремін, мен өзім тазалаймын осы ауламды. Тиісінше, тәртіп болғанын, аулам таза болғанын қалаймын. - деді, қала тұрғыны.
Рейд барысында әрбір есікті қағып, тұрғындармен сөйлесіп, сұрақтарын қойған учаскелік полицей интернет-алаяқтық, есірткі қылмысы, ауладағы балалар қауіпсіздігін де ескертіп, түсіндіріп жатты. Алайда, учаскелік инспектордың қаққан есігін ашпаған немесе сұрақтарынан жауап беруден жалтарып жатқан тұрғындар да кездесті.
- "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында бүгін міне, сағат 22:30 болды, мен өзіме бекітілген аумақтағы 41 тұрғын үйге барып, сөйлестім. Олардың талап-ұсыныстарын тіркедім. Бұл бағыттағы жұмыс ең алдымен тұрғындардың өз қауіпсіздіктері үшін жүргізілуде. Сондықтан, барша азаматтардан бұл жұмыстарға түсіністікпен қарап, полициямен тығыз байланыста болу керектігіні айтқым келеді, - деді учаскелік полиция инспекторы Нұрбол Тағаберген.
Айта кетейік, "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы еліміздің аумағында 1 қарашаға дейін жалғасады. Полицейлер, есепте тұрған тұлғалар мен шетелдіктерді, қару иелерін, өзге де полиция бақылауында тұрған бағыттар бойынша тексерулерді жүргізеді.