“Учаске” ЖПІШ: Павлодар облысында 55 мыңнан астам тұрғын үй тексерілді
Павлодар облысында 55 мыңнан астам тұрғын үй тексерілді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс аумағында әкімшілік учаске халқын барынша қамтып, проблемалық мәселелерді зерделеу, құқық бұзушылықтардың алдын алу және профилактика жүргізуге бағытталған “Учаске” жедел алдын алу іс-шарасы жалғасуда.
– Іс-шара басталғалы облыс учаскелік инспекторлары 35 мыңнан астам пәтерді және шамамен 20 мың жеке тұрғын үйді аралады. Барлық тұрғынға құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша түсіндіру және ақпараттық жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек, рейдтік іс-шаралар өткізіліп, нәтижесінде тұрақты тұратын жері жоқ 25 адам қабылдау-тарату орнына орналастырылды, - дейді Павлодар облысы полиция департаментінде.
Сондай-ақ жастар көп шоғырланатын орындар, ойын-сауық нысандары, компьютерлік клубтар, саябақтар мен гүлзарлар қамтылды. Жасөспірімдер полициясы түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қарауынсыз тұрғын үйден тыс жерлерде болған 61 кәмелетке толмағанды анықтап, оларды заңды өкілдеріне тапсырды.
Заңды өкілдер жауапқа тартылып, оларға және жасөспірімдерге профилактикалық әңгімелер өткізілді.