"Учаске" ЖПІШ: Павлодар облысында мас жүргізуші ұсталды
Павлодар облысында республикалық "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Іс-шара аясында мас күйінде жасалатын қылмыстардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, алғашқы нәтижелер атқарылған шаралардың тиімділігін көрсетіп жатыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мәселен, Шалдай ауылында полицейлер Lada автокөлігін тоқтатты. Көлік жүргізушісінің қылықтары күдік тудырып, сұрақтарға нақты жауап бермеуі мен өзін-өзі күмәнді ұстауы оның мас күйде екеніне нұсқады. Медициналық куәландыру нәтижесінде жүргізушінің алкогольдік ішімдік әсерінде болғаны дәлелденді. Осы дерек бойынша оған қатысты әкімшілік іс қозғалып, материал сот қарауына жолданды. Ал көлік құралы айыппұл тұрағына қойылды.
– Азаматтардың қауіпсіздігі – біздің басты басымдығымыз. Мас күйінде көлік жүргізу – жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына төнетін үлкен қауіп, – деді Шарбақты ауданы полиция бөлімінің бастығының орынбасары Қайрат Сатыбаев.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және ешқашан мас күйінде рульге отырмауға шақырады. Мұндай әрекеттер тек әкімшілік қана емес, қылмыстық жауапкершілікке де әкелуі мүмкін. "Заң және тәртіп" қағидаты – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қоғамдық тәртіпті сақтау кепілі. Ереже бұзғандар заң алдында міндетті түрде жауап береді.