Учаскелік инспектор Мұрат Смайыловтың қызметтегі өнегелі жолы
Учаскелік инспектор Мұрат Смайыловтың өнегелі жолы туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Ішкі істер органдарындағы қызмет – бұл жай ғана кәсіп емес, нағыз өмір салты. Павлодар қаласы полиция басқармасы орталық бөлімінің аға учаскелік полиция инспекторы Мұрат Смайылов осы сөздің айғағы іспеттес. Ол он жылдан бері құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардың қауіпсіздігін сақтау жолында қалтқысыз еңбек етіп келеді.
Құқық қорғау саласындағы еңбек жолын Мұрат Смайылов 2016 жылы патрульдік полиция батальонының инспекторы ретінде бастады. Күнделікті кездесетін түрлі жағдайлар – тұрмыстық жанжалдардан бастап құқық бұзушыларды ұстауға дейін – оның кәсіби шыңдалуына үлкен мектеп болды. Тәжірибе жинақтай жүріп, 2020 жылы учаскелік полиция инспекторы лауазымына тағайындалды.
Мұрат Смайылов – тек тәртіп сақшысы ғана емес, сонымен қатар 2014–2015 жылдары Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөлімінде әскери борышын өтеген азамат. Бүгінде ол қызмет ететін аумақ тұрғындарының сеніміне ие болған, кәсібіне адал, жаны жомарт полицей ретінде кеңінен танылған.
Учаскелік инспектордың жұмысы – жан-жақты жауапкершілікті талап ететін ауыр міндет. Бұл мамандық тек заңнамалық білім мен тәртіп орнату қабілетін ғана емес, сонымен қатар адами қасиеттер – сабырлылық, сезімталдық, адалдық пен үлкен жүректі қажет етеді. Мұрат Смайылов осы талаптардың бәрін өз бойынан таба білген кәсіби маман.
— Учаскелік полиция инспекторы – жергілікті жердегі құқықтық тәртіп пен халық сенімінің айнасы. Басты мақсат – қоғам тыныштығын сақтау ғана емес, адамдармен ашық, сенімді қарым-қатынас орнатып, мәселелерін шынайы шешуге атсалысу, – дейді Мұрат Смайылов.
Қызметтегі адалдығымен қатар, ол – отбасына берік, қамқор әке. Жұбайымен бірге ұл тәрбиелеп отырған Мұрат қандай тығыз жұмыс кестесі болса да, отбасына уақыт табуға тырысады, баласының тәрбиесіне белсенді араласады.
Мұрат Смайыловтың өмір жолы – адал қызметтің, отансүйгіштіктің, адамгершілік пен еңбекқорлықтың жарқын үлгісі.