Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Учаскелік инспектор – қоғам тыныштығының тірегі

Учаскелік полицейдің әр күні белгісіз оқиғалар мен жауапкершілікке толы. Әр арыздың артында адам тағдыры тұр десек, әрбір жағдай – полиция қызметкерінің кәсібилігін, сабырын және адаммен қарым-қатынас орнату шеберлігін талап етеді. Атырау қалалық полиция басқармасының №1 қалалық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Марғұлан Мынбаев осы қызметтің айқын үлгісін көрсетіп жүрген үздік мамандардың бірі. Антына адал сақшы қызметі жайлы Polisia.kz сайтына айтып берді.

Марғұлан таңертең ерте жиынға қатысып, басшының тапсырмаларын алады. Әкімшілік аумақтағы криминогендік ахуалды баяндайды.

- Тәулік бойы тіркелген түрлі хабарламалар мен арыздарды тексеріп, шешім қабылдаймыз. Әкімшілік аумақты аралап, қоғамдық тыныштықты қамтамасыз етеміз. Арнайы профилактикалық есепте тұрған тұлғаларды тұрғылықты мекенжайынан тексереміз, жайсыз отбасылардың тұрмыс-тіршілігін бақылап отырамыз. Мемлекеттік мекемелерден, сот және тергеу органдарынан түскен мәжбүрлі жеткізу хаттарын орындаймыз. ЖБО кезекшісінен түскен хабарламаларға әрекет етеміз. Тұрғындармен кездесіп, аумақтағы криминогендік ахуал мен жасөспірімдерге қатысты профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз, – дейді полиция қызметкері.

Марғұлан Мынбаев 1991 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. Ол – Батыс Қазақстан облысындағы Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің заң факультетін тәмамдаған. Ішкі істер органдарында 2011 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол учаскелік полицейдің жұмысы – тұрғындар арасындағы бірлікті нығайту деп есептейді.

– Мен – учаскелік полиция инспекторымын. Құқық қорғау саласында 14 жылдан бері қызметтемін. Алғашқы 10 жыл патрульдік полицияда еңбек еттім. Соңғы төрт жылдан бері осы аумақта учаскелік инспектор ретінде жұмыс істеп келемін. Біздің әкімшілік аумақта 13 мыңға жуық халық тұрады. Күнделікті жұмысымыз – осы тұрғындардың алаңсыз өмір сүруіне жағдай жасау. Айтпақшы, менің артымнан ерген бауырым да осы салада. Екеуміздің арамыз – бір жас. Ол қызметке 2015 жылы орналасты. Қажымұқан да алғашқы қызметін учаскелік полициядан бастаған еді, – дейді ол.

Марғұлан құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында есептегі тұлғаларды үнемі тексеріп отырады. Отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтарға бейім отбасылармен жүйелі түрде байланыста болады. Кәмелетке толмаған балаларының жай-күйін де үнемі назарда ұстайды.

– Күн сайын біз қоғам үшін аса маңызды – тыныштықты сақтау жолында түрлі жағдайларға араласамыз. Бүгінгі оқиғалар ертең де қайталануы мүмкін. Біздің басты мақсатымыз – әр азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – дейді Марғұлан.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру