Учаскелік инспектордың бір күні
Павлодар облысы Ақжар ауылының учаскелік инспекторы қызметінің бір күнімен бөлісті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Ауыл әлі ұйқысынан ояна қоймаған сәтте, учаскелік полиция инспекторы Саят Байжасаров қызметіне кірісіп үлгереді. Оның күні кофе мен газеттен емес, қызметтік ақпараттарды тексеруден, тұрғындарға қоңырау шалудан, әріптестерімен үйлесімді жұмысты жоспарлаудан басталады. Себебі, Ақжар ауылының тыныштығы – оның тікелей жауапкершілігі.
Саят Байжасаров – Май ауданы Ақжар ауылының учаскелік полиция инспекторы. Оның еңбек жолында ішкі істер органдарында адал қызмет еткен бірнеше жылдар бар.
– Бала күнімде барлық ұлдар секілді мен де әскери қызметші болуды армандадым, “заң бұзғандарды ұстау” ойынын ойнайтынбыз. Мектепті аяқтаған соң әскер қатарына шақырылып, борышымды өтедім. Әскерден оралғаннан кейін құқық қорғау саласында қызмет етуге бел будым. 2014 жылы Май ауданының полиция бөлімінде учаскелік инспектор болып қызметке қабылдандым. Содан бері осы салада қызмет атқарып келемін, – дейді Саят Байжасаров.
Осы жылдар ішінде Саят Сайрамбекұлы ауыл тұрғындары үшін тек полиция қызметкері емес, көмек пен қолдау сұрап баруға болатын жақын жанға айналды. Ол өз аумағындағы әрбір тұрғынды атымен таниды, олардың мұң-мұқтажынан хабардар. Отбасылық жанжал, көршілер арасындағы дау немесе аулаларда күдік тудыратын адам байқалса — Саят алдымен сол жерлерді тексереді.
Учаскелік инспектордың жұмыс күні уақытында аяқталмайды. Есептер, аралау, халықпен кездесу сияқты күнделікті міндеттерден соң, кешкі уақытта да шақырту түссе, ол міндетті түрде қызметке кіріседі. Дегенмен, ол мұндай сәттерде де сабырлы, сыпайы әрі мұқият болуды ұмытпайды.
Саят профилактикалық шараларға ерекше назар аударады. Ол ауыл ақсақалдарымен, мектеп ұжымдарымен бірлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жастармен кездесулер ұйымдастырады. Оның мақсаты – тек қылмысқа қарсы әрекет ету емес, оны болдырмау.
Қаншалықты жұмыс кестесі тығыз болса да, Саят Байжасаров – сүйікті жар, қамқор әке. Ол жары Айдана екеуі екі ұл тәрбиелеп отыр.
– Мен әрқашан күйеуімді қолдаймын, оның жұмысының маңызын жақсы түсінемін. Отбасымыздың қолдауының арқасында, ол әр таң сайын нық сеніммен форма киіп, халыққа қызмет етуге шығады, – дейді Айдана.