Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Учаскелік инспектордың қызметтегі бір күні

Полиция болуды армандау бір бөлек, ал сол арманның жүгін арқалап, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау – мүлде басқа дүние. Polisia.kz сайты Қызылорда облысы Арал ауданының учаскелік полиция инспекторының бір күндік қызметіне куә бола отырып, оқырманның да назарына ұсынады.

Бүгінгі күндізгі ауысымға түскен полиция капитаны Аян Қалмағамбетовтың басты міндеті – өзіне бекітілген учаскенің тыныштығы мен тәртібін қамтамасыз ету. Ол 2024 жылдың тамыз айынан бері Арал ауданы полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінде учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарып келеді.

Қызметіне адалдықты ту еткен Аян – отыздан асып, өмірлік тәжірибесі толысқан азамат. Ол үшін қоғамның қауіпсіздігі мен халықтың амандығы бәрінен маңызды. Сондықтан ол күн сайын сап түзеп, қару асынып, өзіне жүктелген міндетін абыроймен атқаруға асығады.

Таңғы сағат 08:00-де Арал аудандық полиция бөлімінің алдында күндізгі ауысымға түсетін сақшылар сапқа тұрды. Бұл жерде әр тапсырма – бұлжытпай орындалуы тиіс бұйрық. Әр қызметкер иығындағы шенінің жауапкершілігін сезінеді, ал тәртіп – басты қағида. Нұсқаулық алғаннан кейін сақшылар қару-жарақ бөлімінен қажетті құралдарын алып, өз аймақтарына аттанды.

Аян Қалмағамбетовтің бүгінгі бағыты – Жаңауыл мөлтек ауданы. Бұл – көлік нөпірі үзілмейтін, халық тығыз орналасқан аймақ. Қала тіршілігі қайнап жатқанымен, бұл маңда құқық бұзушылық жиі болады. Қазіргі таңда тұрғындар заңға бей-жай қарамайды, өз құқықтарын жақсы біледі. Қандай да бір заңсыздық орын алса, дереу полицияның көмегіне жүгінеді.

Аян өзіне бекітілген аумақты жаяу аралап, көше бойындағы жағдайды қадағалады. Әзірге оғаш көрініс байқалмайды. Бірақ учаскелік инспектордың жұмысы мұнымен шектелмейді. Оның міндетіне есепте тұрған азаматтарды бақылау, заңбұзушылықтың алдын алу, жергілікті кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізу де кіреді.

Жаңауыл мөлтек ауданында орналасқан дүкендер мен сауда нүктелерінде спирттік ішімдіктер мен психотроптық заттарды сату талаптарының сақталуын тексеру – инспектордың күнделікті жұмысының бір бөлігі. Себебі кейбір кәсіпкерлер шектеулерге қарамастан, белгіленген уақыттан тыс спирттік өнімдерді сатуды доғарар емес. Ал мұндай заңсыздықтардың соңы – түнгі тыныштықтың бұзылуына, қоғамдық тәртіпсіздіктерге, отбасылық жанжалдарға алып келетіні белгілі.

Аян Қалмағамбетов түнгі сағаттарға дейін жұмыс істейтін сауда орындарын аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мұндай шаралар заң бұзушылықтың алдын алуға және қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Қала ішінде учаскелік полиция инспекторларының көліктері үздіксіз жүйткиді. Кейде сырт көзге олардың "жай жүрісі" түсініксіз көрінуі мүмкін. Алайда, олардың әр сәті – қырағылық пен сақтыққа толы. Полиция қызметкерлері әрбір шақыртуға жедел жетіп, тұрғындардың тыныштығын күзетеді.

Аян Қалмағамбетов – ішкі істер саласында 2013 жылдың желтоқсан айынан бері қызмет етіп келеді. Жеке өмірінде үлгілі әке, Айгерім Қыдырбайқызымен бірге үш ұл мен үш қыз тәрбиелеп отырған ардақты жан. Ал қызметінде – елінің қауіпсіздігі үшін аянбай тер төгетін нағыз сақшы.

Бұл күні ешқандай құқық бұзушылықтар болмады. Лайым, әр күн осылай тыныш өтсін!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру