Учаскелік инспектордың қызметтегі бір күні
Тәртіп пен тыныштықтың күзетінде тұрған әрбір полицейдің күні – қоғам алдындағы үлкен жауапкершілікпен басталып, халық амандығын қамтамасыз етуге бағытталған күрделі сәттермен өріледі. Қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігі – бұл қызметтің басты өзегі. Сол міндетті абыроймен арқалап жүрген мамандардың бірі – Атырау қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік инспекторы полиция капитаны Ренат Игіліков. Жас маман өз ісіне адалдықпен қарап, кәсіби біліктілігі мен биік адамгершілік қасиеттері арқылы жұртшылықтың сеніміне ие болған. Ол туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
2018 жылдан бастап Ішкі істер органдарында қызмет етіп келе жатқан Ренат қысқа уақыт ішінде нағыз халық полицейі ретінде танылып, қоғам тыныштығы жолында аянбай еңбек етіп келеді.
Учаскелік инспектордың күн сайынғы қызметі – өзіне сеніп тапсырылған әкімшілік аумақтағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, тәртіпті сақтау, халықпен тығыз байланыста жұмыс істеу. Қазіргі таңда ол 3 мыңнан астам тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр. Түстен кейінгі уақытын аулаларды аралап, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдауға, көмек қажет жандарға қол ұшын созуға арнайды.
- Біздің ең басты міндетіміз – құқық бұзушылықтың алдын алу. Ал ол үшін халықпен ашық сөйлесіп, сенім арнасы орнауы керек. Халықтың ортасында жүріп, нақты проблемаларды бірге шешуге болады деп сенемін. Сондықтан әрқашан елмен етене араласуға тырысамын, – дейді полиция капитаны.
Ренат Игіліков – тек қызметіне жауапкершілікпен қарайтын тәртіп сақшысы ғана емес, сонымен қатар өнегелі отбасының тірегі, мейірімді әке. Ол спорт саласында да биік нәтижелерге жеткен азамат. Каратеден спорт шебері атанған Ренаттың бұл салада жүргеніне 13 жылдан астам уақыт болған. Спорттағы тәртіп пен төзімділік оның қызметінде де айқын көрініс табуда.
- Мен үшін бұл тек мамандық емес, бұл – қоғамға деген қызмет, азаматтық борыш. Учаскелік полицей – тәртіп пен қауіпсіздіктің алдыңғы шебінде тұратын тұлға. Заң мен тәртіпті сақтау – менің өмірлік ұстанымым, – дейді ол сеніммен.
Учаскелік полиция инспекторы Ренат Игіліков – құқық қорғау саласындағы әділдік пен ашықтықты, адамға деген құрметті ту еткен маман. Оның күнделікті еңбегі – халықпен сенімді байланысты нығайтып, тыныш әрі қауіпсіз қоғам құруға бағытталған. Осындай азаматтардың қажырлы еңбегімен ел ішіндегі тұрақтылық пен бейбіт өмір қалыптасуда.