Учаскелік инспекторлар: қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі күнделікті қызмет
Жезқазған қалалық полиция басқармасының учаскелік инспекторлары Мақсат Әбдіқалықов пен Айбек Жұмаділдин күн сайын тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Олардың қызметі профилактикалық түсіндіру шараларынан бастап, жедел шақыртуларға ден қоюға дейінгі сан түрлі міндеттерді қамтиды. Полиция қызметкерлері туралы толығырақ Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
"Учаскелік полицияның бір күні" айдарының бүгінгі кейіпкерлері — Жезқазған қалалық полиция басқармасының тәжірибелі учаскелік инспекторлары Мақсат Әбдіқалықов пен Айбек Жұмаділдин. Учаскелік инспектордың күнделікті қызметі – жоғары жауапкершілік пен сабырлылықты, кәсіби қырағылық пен жан-жақты дайындықты талап ететін маңызды міндеттердің бірі.
Инспекторлардың жұмыс күні тұрғындармен кездесуден басталды. Қазіргі уақытта интернет-алаяқтық қоғам үшін өзекті мәселелердің біріне айналған. Осыған байланысты Мақсат Әбдіқалықов пен Айбек Жұмаділдин өздеріне бекітілген әкімшілік аумақтағы көпқабатты тұрғын үйлерді аралап, әсіресе егде жастағы азаматтарға киберқылмыскерлердің жиі қолданатын тәсілдері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Полицейлер сақтық шараларын егжей-тегжейлі түсіндіріп, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеу қажеттігін ескертті.
- Біздің басты мақсатымыз — әрбір тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Уақтылы берілген ескерту азаматтардың қаржылық шығынға ұшырауының алдын алуға мүмкіндік береді, — дейді учаскелік инспекторлар.
Күннің екінші жартысында полиция қызметкерлері ерікті жастармен бірлесіп, қала аумағында заңсыз салынған граффити жазуларын жою жұмыстарын жүргізді. Аталған жазулардың қатарында есірткі құралдарын насихаттауы мүмкін белгілер де анықталды. Бұл бағыттағы жұмыс қоғамдық тәртіпті сақтау ғана емес, сонымен қатар жастарды зиянды ақпараттың ықпалынан қорғауға бағытталған маңызды алдын алу шараларының бірі болып табылады.
Кешкі уақытта "102" арнасына отбасылық жанжал туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жедел жеткен учаскелік инспекторлар құқық бұзушылықтың мән-жайын анықтап, тиісті шаралар қабылдады. Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама рәсімделіп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мұндай жағдайларда учаскелік инспекторлар құқық қорғау өкілі ғана емес, сонымен қатар жағдайды тұрақтандыруға бағытталған алдын алу субъектісі ретінде де әрекет етеді.
Жалпы, учаскелік полиция инспекторларының қызметі – қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған үздіксіз әрі жауапты жұмыс. Олардың күнделікті еңбегі – қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштықтың кепілі.
