Учаскелік инспекторлар тазалықты сақтау мен құқық бұзушылықтың алдын алуға күш салуда
Учаскелік инспекторлар тазалықты сақтау мен құқық бұзушылықтың алдын алуға күш салуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Туған ауыл көшелерінің таза әрі тәртіпті болуы – әр азаматтың саналы көзқарасына, жеке жауапкершілігіне тікелей байланысты. Осы ретте Павлодар ауданының полицейлері елді мекендерді абаттандыру қағидаларының сақталуын бақылау мақсатында рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде жүргізуде.
Назар аударылатын негізгі нысандар — тұрғын үйлердің аулалары, олардың маңындағы аумақтар, ұйымдар мен кәсіпкерлік нысандарының қасбеттері. Кейбір ауылдарда былтырдан бері шабылмаған және жиналмаған шөп, құрылыс қалдықтары мен бейберекет тасталған қоқыстар секілді келеңсіз көріністер жеке сектор аумағынан әлі де кездесе береді.
— Мәселен, Павлодар ауданына қарасты ауылдардың бірінде жүргізілген кезекті рейд барысында тәртіп сақшысы жеке тұрғын үйдің іргелес аумағында күл жинау дерегінің жолын кесті. Тағы бір жағдайда тұрмыстық қалдықтардың заңсыз сақталу дерегі анықталып, жойылды. Ауыл тұрғындары елді мекен аумағын абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деп мәлімдеді Павлодар ауданының полиция бөлімі.
Ауданның учаскелік полиция инспекторлары ауылдық жерлерде абаттандыру бойынша рейдтерді үнемі өткізіп тұрады. Рейд барысында тұрғындармен профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, абаттандыру қағидаларын бұзу, инфрақұрылым нысандарын зақымдау, жасыл желектерді жою және бүлдіру мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылады.
Сонымен қатар учаскелік инспекторлар интернет-алаяқтық, велосипед ұрлығы және басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жұмыстарды қатар жүргізіп келеді. Мұндай профилактикалық іс-шаралардың мақсаты — тек қоғамдық тәртіп пен тазалықты қамтамасыз ету ғана емес, сонымен бірге жергілікті тұрғындармен тығыз байланысты нығайту болып табылады.