Учаскелік полицей – ел тыныштығының алдыңғы шептегі қорғаушысы
Ішкі істер органдарындағы түрлі қызметті атқаратын тәртіп сақшыларының ішіндегі учаскелік полицей жұртқа ең жақын қызметкерлердің бірі десек, артық айтқанымыз емес. Үнемі халықтың бел ортасында жүріп, олардың арыз-шағымын да алғашқы болып тыңдайтын осы учаскелік полицейлер. Бұған біз Ішкі істер министрлігінің дәстүрлі түрде ұйымдастыратын “Погонды журналист” жобасы аясында көз жеткіздік.
Жобаға алғашқы қатысуым болғандықтан, әрине, қобалжу болды. “Учаскелік полицейдің бір күнін мінсіз атқара аламын ба?” деген санадағы сан сұрақпен Астана қаласы ПД Алматы аудандық полиция басқармасына келдім. Мені қарсы алған тәжірибелі учаскелік полиция инспекторы Нұралы Тәңірберген жұмысының қыр-сырымен толық таныстырды.
Учаскелік полиция инспекторы – ел тыныштығының ең жақын әрі алдыңғы шептегі қорғаушысы. Олар тәулік бойы тұрғындардың мәселесін тыңдап, құқық бұзушылықтың алдын алып, жасөспірімдерге бағыт-бағдар береді. Осы қызметтің артында үлкен жауапкершілік тұрғанын олардан артық ешкім біле қоймас. Десе де, “Болмасаң да, ұқсап бақ” демекші, мен де бір сәтке инспектордың орнына өзімді қойып, оның күнделікті жұмысының қиындығы мен жауапкершілігін сезінуге тырыстым.

Таңғы нұсқаулықтан кейін учаскелік полицейлер күнделікті міндеттеріне кірісті. Учаскелік полиция инспекторы Нұралы Тәңірберген екеуміз жоспар бойынша оқушыларға қауіпсіздік сабағын өткізу үшін мектепке қарай бағыт алдық “Тәрбие – тал бесіктен басталады” демекші, құқық бұзушылықтың алдын алу және заң мен тәртіпті құрметтеуді саналарына сыналап кіргізу мақсатында алдымен осы мектеп оқушыларымен кездесуден бастадық.
Учаскелік полиция инспекторының сөзінше, балалармен, әсіресе, жасөспірімдермен жұмыс істеу ерекше жауапкершілік пен шеберлікті талап етеді. Бұл санаттағы азаматтармен жұмыс істегенде әрдайым өзіне тән қиындықтар туындайды. Олардың ой-пікірі мен мінез-құлқына сай тәсіл табу, түсіндіру жұмысын тиімді жүргізу, сондай-ақ құқықтық нормаларды жасқа сәйкес жеткізу – мұның бәрі учаскелік полицейдің күнделікті міндеттеріне кіреді.
Дәріс барысында оқушыларға кибербуллинг, жеке жауапкершілік және қауіпсіздік ережелері жөнінде ақпарат беріліп, нақты өмірлік мысалдар келтірілді. Балалардың қызығушылықпен тыңдауы – полиция мен жасөспірімдер арасындағы сенімді қарым-қатынастың айқын көрінісі болды. Алғаш рет полиция формасын киіп тұрған мен учаскелік полицияның жұмысы – тек құқық бұзушылықтарды тіркеу емес екенін ұғындым. Олар тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жасөспірімдерге дұрыс бағыт беріп, қоғамда сенім мен тәртіп орнатуға күш салады. Тәжірибе көрсеткендей, олардың жұмысы заңмен ғана емес, шынайы жанашырлықпен де үйлесіп отырады.
Мектептен кейін учаскелік инспекторға бөлінген аумақтың тұрғындарымен кездесуге бардық. Тұрғындар Нұралыны бірден танып, қасына келіп аман-саулық сұрасып, аз-кем шағымдарын да жеткізді.
Нұралы жай ғана учаскелік инспектор емес. Ол – әнші, блогер, шығармашылығы арқылы халықпен оңай тіл табысатын полиция қызметкері. Оның өнері Қазақстаннан асып, Ресейге де жеткен. Ол ресейлік танымал шоумен Андрей Малаховтың, отандық Қызық Times, Koremiz show және басқа да бағдарламаларға шақырылып, эфирде ән айтып, ұлттық өнерімізді паш етті. Погон таққан полиция қызметкерінің үлкен сахнада өнер көрсетуі көпшілік үшін тосын жаңалық болғаны рас. Жүзінен жылылық есіп тұратын тәртіп сақшысын көрген аталар мен әжелер де келіп әңгімеге қосылды.

Полиция қызметкерінің айтуынша, ол өзіне тиесілі аумақтағы әрбір тұрғынмен тығыз байланыста болып, онлайн-чаттар арқылы жолданған сұрақтар мен өтініштерге де уақтылы жауап беруге тырысады. Кездесу барысында кейбір тұрғындар тұрмыстық дау бойынша өтініш білдірсе, енді бірі көршісінің тәртібіне шағымданды, тағы бірі кеңес сұрады. Нұралы әр тұрғынға жеке уақыт бөліп, олардың сұрақтарына толық және нақты жауап берді.
Учаскелік полицейдің ең үлкен миссиясы – қиындықтың алдын алу, ел ішіндегі тыныштықты қамтамасыз ету, адамдармен тіл табысу. Учаскелік полицейдің жұмысы тек хаттама толтыру ғана емес, сонымен қатар, оның міндетіне адамдарға көмектесу, жағдайын түсініп, дұрыс шешім қабылдауға жол көрсету де кіреді. Алайда қала тыныштығы тек құқық қорғау органдарының қолында емес. Тәртіп – баршаға ортақ міндет.

Мен үшін ұсақ-түйек болып көрінген шағымдардың барлығына тәжірибелі полицей байыппен жауап беріп, шешімін тауып беруге көмектесіп жатты. Осы тұста учаскелік полицей жұмысының оңай емес екеніне көз жеткіздім. Темекі тұқылын тастау, қоқыс қалдықтарын қалдырып кету, тіпті көршісінің түнде шаңсорғыш қосқанын айтып шағымданғандарды да көріп, таң қалдым. Нұралыдан қызмет барысында кездесетін қиындықтарды сұрап көрдім.
– Полиция қызметіндегі ең қиын тұстардың бірі – адамдармен тіл табыса білу. Әр азаматтың мінезі, жағдайы, көзқарасы әртүрлі болғандықтан, барлығына бірдей жағу мүмкін емес. Қоғамда түрлі адамдар кездеседі, сондықтан әрқайсысына жеке тәсіл қажет. Кейбір азамат ескертуге құлақ аспайды, түсіндірілген талаптарды орындаудан бас тартады немесе жағдайды шиеленістіріп жібереді. Осындай кездерде сабыр сақтап, кәсіби түрде әрекет ету қажет. Жалпы, қызмет барысында аса күрделі жағдайлар күнде кездесе бермейді. Бірақ қоғам тарапынан айтылатын сын, түсінбеушілік және кейде орынсыз айыптаулар жұмысқа психологиялық тұрғыдан салмақ түсіреді. Дегенмен, полиция қызметкері кез келген жағдайда эмоцияға берілмей, заң аясында әрекет етуге міндетті. Сын-пікірлерді дұрыс қабылдап, қызметті жақсартуға бағыттау – қиын болса да, еңсеруді талап ететін маңызды міндеттердің бірі, – деді полицей.
Тұрғындар тыныштығын күзететін тәртіп сақшысының аумағында көбіне велосипед ұрлығы, отбасылық кикілжіңдер, кешкі уақыттағы шуларға және ауладағы көліктердің дұрыс қойылмауына жиі шағымданады екен.

Мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін полиция қызметкерлері күнделікті профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізеді. Атап айтқанда, аумақты аралау, тұрғындармен бетпе-бет түсіндіру жұмыстарын өткізу, сондай-ақ чаттар арқылы ақпарат тарату сияқты шараларды жүзеге асырады. Учаскелік полицейлер атқарған әрбір іс-шара, қандай азаматқа қандай шара қолданылғаны, профилактикалық ескертулер мен қабылданған шешімдер туралы мәліметтерді аумақтағы тұрғын үйлердің чаттарына жіберіп, халықты дер кезінде хабардар етіп отырады. Бұл тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және тәртіп бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді.
Тұрғындардан түскен әр арыз-шағым мен талап-тілекті саралап біткен уақытта қас қарайғанын аңғардық. Осылайша менің бір күнге учаскелік полиция инспекторы қызметін атқару мерзімім көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Бір күндік қызметті мінсіз атқаруыма білікті маман, тәжірибелі тәртіп сақшысы Нұралы Тәңірберген көмектесті. Бұл күн мен үшін учаскелік полицей қызметінің тек қағазбен, хаттамамен шектелмейтінін айқын көрсетті.
Суреттерді түсірген: Қуанышбек ДҮЙСЕНБЕКОВ
