Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Учаскелік полицейлер Ақсай өзеніне құлап кеткен әйелді құтқарып қалды

Қарасай ауданында учаскелік полицейлер Ақсай өзеніне аяғы тайып, құлап кеткен әйелді құтқарып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай ауылының 59 жастағы тұрғыны өлім аузынан аман қалды: әйел абайсызда аяғы тайып кетіп, Ақсай өзенінің арнасына құлап кеткен. Ағысы қатты өзеннен және биік жардан өз бетімен шыға алмаған. Көмекке шақырған дауысын естіген азаматтар дереу полицияға хабар берген.

Оқиға орнына учаскелік полиция инспекторлары Әмірбек Бөбекбай, Мақсат Әбдірайымов және Ахан Ахметов жедел жеткен.

Әйелдің су жағасындағы бұтаққа бар күшімен жабысып тұрғанын байқаған тәртіп сақшылары дереу құтқару операциясын бастады. Аға лейтенант Бөбекбай арқанмен түсіп, жәбірленушіні байлап, кейін әріптестері екеуін де қауіпсіз биіктікке көтерген.

Полиция қызметкерлерінің сәтті әрекетінің арқасында әйел зардап шеккен жоқ. Ол инспекторларға кәсібилігі мен қамқорлығы үшін алғыс айтып, қызметтеріне сәттілік тіледі.

Полиция қызметкерлері су айдындарына жақын жерде, әсіресе тегіс емес, жағалары тік, ағыстары қатты жерлерде аса сақ болу керектігін еске салады. Төтенше жағдайда дереу көмек сұраңыз – дер кезінде қоңырау шалу өмірді сақтап қалуы мүмкін.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру