Учаскелік полиция инспекторлары 8700-ге жуық арыз-шағымды қарады
Ақтау қаласының учаскелік полиция инспекторлары 2020 жылы 8700-ге жуық арыз-шағымды қарады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2020 жылы Ақтау қаласының учаскелік полиция инспекторлары азаматтардың 8699 шағымын қарастырды, оның 391-і отбасы – тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар болып табылады.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» және «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» арнайы заңдардың қабылдануымен полиция қызметкерлерінің құзырында отбасылық жанжалдарға ықпал етудің нақты тетіктері пайда болды, бұл оларға жеке профилактикалық жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік береді.
2020 жылдың 12 айында қала бойынша 1060 қорғау нұсқамасы шығарылды, сот құқық бұзушылардың жүріс-тұрысына 51 ерекше талап қойды. Сонымен қатар сот 19 құқық бұзушыға спирттік ішімдіктерді пайдалануға тыйым салды.
Жыл басынан бері Ақтау қаласы Полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары 512 қылмысты ашты.
– Учаскелік инспектор өзіне бекітілген аймақтағы әр үйді, әр пәтерді аралап, олармен әрдайым тығыз қарым-қатынаста болуға тырысады. Осылайша әрбір тұрғын өзінің учаскелік инспекторын жете білетін болады. Бұрын сотталған адамдар, қолайсыз отбасылар, сондай-ақ қару иелерін тексеру учаскелік полиция инспекторларының ерекше назарында, – деп атап өтті Маңғыстау облысының бас полицейі Жанарбек Бақтыбаев.