Учаскелік полиция инспекторы тереңдігі 12 метрлік құбырға түсіп кеткен баланы құтқарды
Түркістан облысының учаскелік полиция инспекторы тереңдігі 12 метрлік құбырға түсіп кеткен баланы құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының полицейлері қашанда қиналғанның жанынан табылып, қолдау көрсету бағытында қызмет етіп келеді. Жақынын жоғалтқандар мен мал-мүлкін ұрлатқандарды қуантып, жоғып тауып беруде. Тіпті келеңсіз оқиғаларға тап болғандардың құтқарушысына айналды. Бұл сөзімізге дәлел ретінде, біз сіздерге күнделікті тұрғындарымыздың шынайы алғыстарын көрсетіп келеміз. Осы орайда тағы бір жайтты тілге тиек етсек. Бұл жолы Ордабасы АПБ қызметкерлері кәсіби шеберліктерінің арқасында жас баланың өмірін сақтап қалды. Нақтырақ айтсақ, Ордабасы АПБ-ға кешкі сағат 20:30 шамасында кішкентай бала хабарласып, ағасына көмектесулерін сұрайды. Хабарлама алысымен осы аймаққа бекітілген учаскелік полиция инспекторы әрекетке көшеді. Ойын толық жеткізе алмаса да баламен тілдесіп, қандай да бір мәлімет алуға тырысады. Дегенмен өзіне бекітілген аумақтың ой-шұқырын толық білетінінің арқасында, полицей аз уақыттың ішінде баланың айтқан жерін топшылап жетеді. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшысы 12 жасар жас баланың ескі фирманың су жиналатын құбырына түсіп кеткенін анықтайды. Содан Бадам ауылының учаскелік полиция инспекторы Сәкен Сайланов кызметтiк мiндетіне жоғары жауапкершiлiкпен қарап, қырағылық танытып, бірден жас баланы шығаруға кіріседі. Қайнар ауылының сыртында орналасқан бұл құбырдың тереңдiгi 10 метрден асады. Осыған орай полицей әріптестерін көмекке шақырып, өзі бала тұрған құбырға түседі. Жаурап тұрған балаға киімдерін кигізіп жылындырады. Осы аралықта басқа тәртіп сақшылары арқан әкеледі. Нәтижесінде бала аман-есен сыртқа шығарылады.
Белгілі болғандай, 12 жастағы бала інісімен ойнап жүріп, абайсызда аталған бетон шұнқырға түсiп кеткен. Өздігінен ары-бері шығамын деп бірнеше сағат талпынғанмен еш нәтиже шықпаған. Содан кейін інісіне полицияға хабарласуын сұраған. Оған қоса осы 2-3 сағат ішінде ойынға шыққан екі бірдей баласы жоқ болғаннан кейін ата-аналары, туыстары мен көршілері де іздеуге шыққан. Соңында балалар аман-сау күйінде отбасына қайтарылды.
Өз кезегінде баласын тауып берген тәртіп сақшыларына ақ жаулықты ана ақжарма тілегін арнап, жұмыстарына табыс тіледі.
– Аяқ асты орын алған келеңсіздікте баламды жалғыз қалдырмай, қолдаушы әрі құтқарушы болғандарыңызға мың алғыс! Әсіресе, учаскелік полицейіміз Сәкенге рақмет айтамын, – деп шынайы ризашылығын білдірді.