Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Учаскелік полиция инспекторының бір күні

Абай облысы полиция департаменті Семей қаласы Орталық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Дастан Бакенов - тұрғындардың тыныштығын күзетіп, қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген кәсіби мамандардың бірі. Ол туралы толығырақ Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде учаскелік полиция инспекторының рөлі айрықша. Олар – халық пен құқық қорғау органдары арасындағы сенім көпірі. Осындай абыройлы міндетті атқарып жүргендердің бірі – Абай облысы полиция департаменті Семей қаласы Орталық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Дастан Бакенов.

Оның күнделікті қызметі құқық бұзушылықтың алдын алуға, тұрғындардың тыныштығын сақтауға және азаматтардың өтініш-шағымдарын қарауға тікелей байланысты.

Капитанның жұмыс күні ертемен басталады. Әуелі ол қызметтік аумағын аралап, тұрғындармен жүздеседі, учаскеде орын алған жағдайды зерделейді. Дастан Сәкенұлына бекітілген аумақта шамамен 3500 адам тұрады. Әрбір өтініш, шағым немесе ұсыныс оның назарынан тыс қалмайды.

- Азаматтардың сеніміне ие болу – біздің басты міндетіміз, – дейді инспектор.

Ол бұл қағидатты кәсіби біліктілікпен, жауапкершілікпен және адамгершілікпен ұштастырып келеді.

Инспектор қызметіндегі ең маңызды бағыттың бірі – құқық бұзушылықтардың алдын алу. Ол жастармен жиі кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, тұрмыстық жанжалдардың алдын алуға күш салады. Әсіресе кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылыққа жол бермеу – басты назарда. Мектептерде өткізілетін тәрбиелік кездесулер, ата-аналармен жүргізілетін түсіндіру жұмыстары – инспектордың күнделікті еңбегінің ажырамас бөлігі.

Дастан Сәкенұлы жергілікті қоғамдастықпен де тығыз байланыс орнатқан. Ол тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, тұрмыстық дауларды бейбіт жолмен шешуге және әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетуге әрдайым дайын. Инспектор өз учаскесіндегі әрбір отбасын жақсы біледі, олардың жағдайынан хабардар және кез келген уақытта жәрдем көрсетуге әзір.

Түстен кейінгі уақыт есеп жүргізуге, ресми құжаттарды рәсімдеуге және әкімшілік істерді қарауға арналады. Бұл кезеңде ол жиналған ақпаратты саралап, құқық бұзушылықтың себеп-салдарын анықтап, алдын алу шараларын жоспарлайды.

Кешкі уақытта инспектор аумақтық тексеру жұмыстарын жалғастырып, қоғамдық тәртіпті қадағалауға бағытталған патрульдік іс-шараларға қатысады. Оның басты мақсаты – учаскеде құқық бұзушылыққа "нөлдік төзімділік" қағидатын қалыптастырып, тұрғындарға қауіпсіз орта құру.

Полиция капитаны Жастан Бакенов – өз ісіне адал, тәжірибесі мол, халықпен тығыз байланыс орната білген кәсіби маман. Оның күнделікті еңбегі құқықтық тәртіпті нығайтуға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және ең бастысы – халықтың полицияға деген сенімін арттыруға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру