Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Учаскелік полиция инспекторының бір күні

Полицей болуды армандау бір басқа, ал бұл мамандықтың жауапкершілігін сезініп, күнделікті қызмет атқару – мүлде басқа дүние. Бұл шындыққа біз учаскелік полиция инспекторының жұмысын бақылау барысында тағы бір мәрте көз жеткіздік, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы ПД Қармақшы аудандық полиция бөлімінің полиция аға лейтенанты Мәжит Боранбаев өзіне бекітілген аумақтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты. Оның басты міндеті – қоғамдық тәртіпті қадағалап, құқық бұзушылықтың алдын алу. Сағат 08:00-де күндізгі ауысымға кіріскен ол әріптестерімен бірге қызметке кірісті.

Учаскелік инспектордың жұмысы сан алуан. Ол тұрғындардың өтініштерін тыңдап, құқықтық мәселелер бойынша кеңес береді, учаскесіндегі құқық бұзушылықтармен күреседі. Көбінесе заңсыз сауда орындарын анықтап, тиісті әкімшілік хаттамалар толтырады. Мәселен, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тауарларды сату фактілері тіркелген жағдайда, кәсіп иелеріне айыппұл салынып, тиісті шаралар қолданылады.

Сонымен қатар қоғамдық орындарда ішімдік ішіп, тәртіп бұзатындармен де күрес – учаскелік полицейлердің міндеті. Көп жағдайда мұндай заң бұзушылықтар көлеңкелі сауданың салдарынан болады.

Учаскелік инспектордың жұмысы – үнемі қозғалыста болуды талап етеді. Ол күн сайын ондаған шақырым жер жүріп, түрлі оқиғаларға араласады, құқықтық тәртіпті сақтауға бар күшін салады.

Қызмет – абыройлы міндет. Полиция аға лейтенанты Мәжит Боранбаевқа жүктелген жауапкершілік зор, ал оның ел игілігі үшін атқарар еңбегі әлі алда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру