Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Учаскелік полиция инспекторының бір күні

Polisia.kz сайты оқырман қауымға антына адал полицей Бахтияр Садуов туралы ақпарат ұсынады.

Мотоциклдердің дауысы, қаңғыбас иттер, жол белгілерінің жетіспеушілігі — осы және басқа да мәселелер бойынша ауыл тұрғындары учаскелік инспекторға жүгінеді. Бескөл кентінің орталығының жаңа учаскелік инспекторы — Бахтияр Садуов. Оның әр күні тұрғындарды қабылдаудан басталады.

Кез келген өтінішке түсініктеме беріп, қажет жағдайда тиісті органдарға хабарлау, шұғыл әрекет ету — инспектордың міндеті. Ауыл әкімдігінде азаматтарды қабылдауға арналған арнайы кабинет бар. Бұл — өте ыңғайлы: жанында басқа мамандар орналасқан, қажет болса, дереу кеңес алуға болады.

Бахтияр қызмет көрсететін аумақта 4700-ден астам адам тұрады. Ол күн сайын жағдайды саралап, ауыл тұрғындарымен жақынырақ танысуға тырысады. Түстен кейінгі уақытын аулаларды аралауға арнайды. Оның назарында тек тіркеуде тұрғандар емес, көмекке мұқтаж кез келген тұрғын бар.

Мәселен, учаске аумағында 67 жалғызбасты зейнеткер тұрады. Олардың әрқайсысымен танысып, шағым-тілектерін біліп, байланыс нөмірі жазылған визитка қалдыру — маңызды міндет. Учаскелік инспекторды халық сыртынан танып, сенім артуы тиіс — бұл қазіргі полиция жұмысының басты қағидаты.

Жаз мезгілінде хаттамалардың көбі абаттандыру ережелерін бұзу деректері бойынша толтырылады. Бахтияр Садуов Қызылжар ауданында 2021 жылдан бері қызмет етіп келеді, ауыл өмірінің өзіндік ерекшеліктерін жақсы түсінеді.

Қылмыстың алдын алу — инспектор қызметінің басым бағыты. Аула аралау барысында ол тұрғындарға интернет-алаяқтық туралы жадынама таратып, өзін банк қызметкерімін немесе байланыс орталығынанмын деп таныстыратын алаяқтарға сенбеуге шақырады.

Рейдтер, түнгі кезекшіліктер, жедел шаралар, тұрғындармен кездесулер мен шақыртуларға шұғыл жауап беру — бұл жұмыстың бір бөлігі ғана. Учаскелік инспектор тәуліктің кез келген сәтінде қызметке дайын болуы тиіс. Дегенмен, Бахтияр бұл жауапкершілікті сабырмен атқарады.

– Мен үшін бастысы – қоғамға пайдамның тигені, – дейді полиция капитаны Садуов. – Жастайымнан адамдарға көмектескім келді. Сондықтан осы қызметті таңдадым. Бұл – қауіпсіздікті, Заң мен Тәртіпті сақтау жолы. Бұл жай ғана жұмыс емес – бұл менің өмірлік ұстанымым.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру