Учаскелік полиция инспекторының бір күні
Полиция майоры Ернар Оңғарбаев – Алматы облысы Қарасай ауданы полиция басқармасының учаскелік инспекторы. Оның қызметтік аумағы – Бекболат ауылдық округі. Әр күні минуттап жоспарланған, себебі офицердің басты міндеті – қылмыстың алдын алу және өзіне бекітілген аумақта қоғамдық тәртіпті сақтау. Polisia.kz сайты антына адал сақшының бір күнін баяндап береді.
Учаскелік инспектор тек азаматтардың өтініштеріне жауап берумен шектелмейді. Ол үнемі халықтың ортасында, кездесулер өткізіп, әңгімелер жүргізіп, түсіндіру жұмыстарын жасайды. Тіпті жолда келе жатып та тұрғындарды назардан тыс қалдырмайды – әрқашан олардың мәселесіне құлақ асып, кеңес береді.
Ауылдық округте мал шаруашылығы кеңінен дамығандықтан, инспектор тұрғындарға мүлікті, соның ішінде малды сақтау ережелерін түсіндіреді. Ол еркін жайылымға жіберудің жауапкершілігін ескертіп, шаруашылықты ұрлықтан қорғаудың жолдарын көрсетеді.
Алайда қызмет – оның өмірінің жалғыз қыры емес. Қиын жұмысына қарамастан, Ернар Оңғарбаев шығармашылықпен де айналысады. Ол ән айтуға әуес және Алматы облысы полиция департаментінің "ZANMEN" вокалдық тобының мүшесі. Әріптестерімен бірге түрлі концерттер мен мерекелік іс-шараларда өнер көрсетеді. Тіпті олардың орындауындағы ән Мемлекет басшысының алдында да шырқалған.
Полиция майорының ішкі істер органдарындағы еңбек өтілі – 10 жыл. Осы уақыт ішінде ол учаскелік инспектор мамандығы тәртіп пен жауапкершілікті ғана емес, сонымен бірге халықпен етене болып, оларға көмек көрсетіп, әр тұрғынның қауіпсіздігіне қамқор болуды қажет ететінін дәлелдеді.