Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Учаскелік полиция қызметкерінің бір күні

Атыраулық учаскелік инспектор Сұлтанбек Кенжеев үшін полиция формасы – тек қызмет емес, халыққа жанашырлық пен жауапкершілікті сезіндіретін абыройлы міндет. Ол әр күнін тұрғындардың қауіпсіздігі мен тыныштығына арнап келеді. Жауапты қызметкердің қызмет бабындағы бір күнімен Polisia.kz сайтында танысыңыздар.

Қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында күні-түні қызмет ететін мамандардың бірі – учаскелік полиция инспекторлары. Олар тұрғындармен тікелей байланыста болып, әр отбасының мәселесіне үңіліп, қауіптің алдын алу ісінде үлкен жауапкершілік арқалайды.

Осындай абыройлы міндетті атқарып жүрген жас офицер – Сұлтанбек Кенжеев. Атырау облысында қарапайым отбасында дүниеге келген ол бала күнінен-ақ форма киген қызметкерлерге қызығып, болашақта ел қорғаны болуды армандаған. Мектеп кезінде спортқа жақын болып, қазақша күреспен айналысты. Адамдарға көмектесуді өмірлік қағидасына айналдырған Сұлтанбек кейін Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде білім алуға шешім қабылдады.

Жоғары оқу орнын аяқтаған соң, кәсіби жолына алғашқы қадам жасалды: ол ҚР ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының екі айлық арнайы даярлау курсына қабылданды. Казармалық қатаң тәртіп, жағдайға тез бейімделу және жылдам шешім қабылдау дағдылары жас маманды шыңдай түсті. Оқуды ойдағыдай аяқтап, 2024 жылы лейтенант шенін иеленді. Қызмет жолын Атырау қалалық полиция басқармасы №2 учаскелік полиция пунктінің инспекторы болып бастады.

Сұлтанбектің айтуынша, учаскелік инспектор – тек заңды жетік білетін маман ғана емес, ең алдымен психолог.

– Бізге жүгінген әр азаматпен жұмсақ тіл табысу – басты міндет. Қызмет барысында түрлі мінезді адамдармен кездесеміз. Әр жағдайды сабырмен саралап, дұрыс шешім қабылдау керек. Мәселен, отбасылық жанжал орын алғанда, алдымен ер адамды тыныш жерге шығарып, әйелінің жағдайын тыңдаймыз. Арызын қабылдап, келесі күні күйеуінің де уәжін тыңдап барып, ортақ шешімге келуге көмектесеміз. Сондықтан біздің жұмысымызда психолог та, медиатор да болудың маңызы зор, – дейді ол.

Жас офицер әріптестерін үнемі алға ұмтылып, өз-өзін дамытуға шақырады. Оның пікірінше, үздіксіз іздену, спортпен шұғылдану және кәсіби білімді арттыру – дамудың негізгі жолы. Сондай-ақ ол полиция қатарына басқа салада қызмет етіп келген жас мамандарға да қолдау көрсетіп, тәжірибесімен бөлісуге әрдайым дайын.

Сұлтанбек Кенжеев үшін учаскелік инспектор болу – жай жұмыс емес. Бұл – халықпен бірге тыныстап, олардың қауіпсіздігі жолында қызмет ету, сенімге лайық болу. Ол өз міндетін ел алдындағы үлкен жауапкершілік деп бағалайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру