Үй подъезіне жылынып алуға кіріп, қарда жүргішті қолды қылған
Петропавлда үй подъезінде орнатылған камера ұрлықты ашуға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл полицейлері жаңа жылдың алғашқы күнінде үй подъезінде ұрлық жасады деген күдікпен 37 жастағы қала тұрғынын ұстады. Айыртау көшесіндегі үй тұрғыны қарда жүргіштің ұрланғаны туралы арызбен жүгінген. Оқиға орнына жедел-тергеу тобының қызметкерлері шығып, аталған факті бойынша қажетті материалдарды жинастырды. Ұрлықты жылдам ашуға криминалистердің жұмысы және үй подъезіндегі камералар септігін тигізді. Келесі күні күдікті анықталып, ұсталды. Ол кіреберіске жылынып алуға кіріп, төртінші қабатта тұрған балалардың қарда жүргішін байқағанын атап өтті. Олжалаған затты өтіп бара жатқан адамға екі мың теңгеге сатып жіберген.
– Ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Ұсталған 15 мың теңге көлеміндегі шығынды өтейтін болды, – деді Бірінші полиция бөлімі бастығының орынбасары Талғат Смағұлов.
Өткен жылы Жедел басқару орталығының бейне бақылау камераларының көмегімен 157 қылмыс ашылды. Бұдан бөлек, қылмыс пен құқық бұзушылықтарды ашуға және алдын алуға үй подъезіндегі камералар септігін тигізеді. Бүгінгі күні Петропавлда 700-ден астам үй подъезі камералармен жабдықталған.