Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Үй жануарын ұстау ережесін бұзудың 117 жайты анықталды

Созақ ауданында жыл басынан бері үй жануарын ұстау ережесін бұзудың 117 жайт анықталған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мал ұрлығының алдын алу, болдырмау – полицейлердің басты назарында. Бұл ұрлыққа тосқауыл қою үшін тәртіп сақшылары тәулік бойы күн-түн демей қызмет етуде. Осындай жұмыстардың нәтижесінде Созақ АПБ-нің полицейлері тұрғынның қараусыз қойып, жоғалтқан өгізін тауып берді. Нақтырақ айтсақ, кезекші бөлімге жергілікті тұрғын ауласына байлап қойған өгізі жоғалғаны туралы арызданған. Бұл жайт аудандық полиция бөлімінде тіркеліп, жоғалған өгізді іздеу үшін полицейлер жұмылдырылады. Мобильді топ жақын маңдағы барлық аумақтарды аралап, ауыл тұрғындарынан жауап алады. Жедел шаралар нәтижесінде бірнеше сағаттан кейін Созақ АПБ-нің полицейлері малды басқа үйдің ауласында жайылып жүрген жерінен табады.

Тексеру барысында тұрғынның ауласы дұрыс қоршалмағаны, малдың тиісті қора-жайда тұрмағаны ескеріліп, қараусыз қалдырғаны үшін мал иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы (Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу) бойынша хаттама толтырылып, ескерту жасалды. Табылған мал қайтарылды.

Жалпы атап өтер жайт, жыл басынан бері созақтық полицейлермен үй жануарларын ұстау, қарау ережесін бұзғаны үшін 117 дерек, 406-бабы (Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу) бойынша 18 жайтты анықтаған.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері қырағы болу және малды жайылымда қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді, өйткені сіздің малыңыз ұрылардың оңай олжасына айналуы мүмкін. Сондықтан мүмкіндігінше, үй шаруашылығын сенімді қоршаумен қоршап, малды таңбалау және сырғалау қажет. Мал жоғалған немесе ұрланған жағдайда өз бетінше іздеп, уақыт жоғалтпастан, тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыздар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру