Үйінен кеткен жасөспірімді полицейлер іздеп тапты
Алматы облысы Көксу ауданының полицейлері үйінен кетіп, қонуға келмеген жасөспірімді іздеп тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көксу ауданының орталығына жақын маңда орналасқан ауылдардың бірінің тұрғыны түн жарымында полицияға хабарласып, 11 жасар ұлының үйге оралмағанын хабарлаған. Оқиға орынан жедел жеткен тәртіп сақшылары 5 сынып оқитын жасөспірімнің анасына ренжіп, түстен кейін белгісіз бағытта кеткенін және бұған дейін бұлай жасамағанын анықтады.
– Жасөспірімнің мекенжайын анықтау үшін барлық полиция жасақтары жұмылдырылды. Жоғалуының салдары түрлі қайғылы жағдайға әкелетінін білгендіктен, әртүрлі болжамдар жасалды. Істің жақсы аяқталатынына сендік және таңертеңінде жоғалған баланы аудан орталығының көшесінен таптық, – деді Көксу ауданы Полиция бөлімінің бастығы Рамиль Гимадиев.
Аудандағы ювеналды полиция тобының өкілдері жоғалып табылған жасөспіріммен және оның анасына түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жасөспірімге үйден кетіп қалудың соңы жамандыққа әкелуі мүмкін екені және тағы да қайталанса, арнайы есепке алынатыны ескертілді.