Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Үйінен шығып кетіп, оралмаған қыз Алматыдан табылды

Түркістан облысының полицейлері жоғалған 19 жастағы қызды тауып, үйіне қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Естеріңізге сала кетсек, баршаңызға белгілі әлеуметтік желіде Отырар ауданында 19 жастағы қыздың із-түзсіз жоғалып кеткені жөнінде ақпарат таралып, полицейлердің іздестіріп жатқанын хабарланған.

Аталған келеңсіз жағдай ТО ПД КПБ-ның және Отырар АПБ қызметкерлерінің арқасында оң шешіліп, 10 күн бойы күн-түн демей іздестіру жұмыстары барысында отырарлық қыз дін-аман табылды. Нақтырақ айтсақ, 24 шілде Отырар АПБ-не жергілікті тұрғын арызданып, өзінің 19 жастағы қарындасының жоғалғанын хабарлаған. Ағасының айтуынша, қыз үйінен Шәуілдір ауылындағы ауруханаға көрініп келемін деп шығып кетіп, қайта оралмаған. Аталған жайт АПБ-не тіркелді. Жоғалған қыздың қайда жүргендігін анықтау мақсатында аудандық полицейлер хабар алысымен шұғыл әрекетке көшіп, іздестіру жұмыстарын жүргізді. Тексеру барысында, қыздың Шәуілдір ауруханасына бармағандығы анықталды. Тәртіп сақшылары қыздың баруы мүмкін жерлері мен таныстар шеңберін құрып, республика көлемінде іздестірді. Көрген-білгендерден жауап алып, жақын аймақтарды мұқият қарап, тексерді.

Осылайша, ақпарат көздері арқылы жоғалған қыздың Алматы қаласында болуы мүмкін екендігі айқындалып, бірнеше полиция қызметкерлері іссапармен шықты. 10 күннен астам жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде қыз Алматы қаласындағы базарлардың бірінен табылды.

Полицейлер қызды аман-есен отбасына, әкесіне тапсырды. Тергеу барысында анықталғандай қыз осы уақыт аралығында күнкөріс мақсатында жұмыс істеп, Алматы қаласындағы танысымен пәтер жалдап тұрғандығы белгілі болды. Қазіргі таңда орын алған жағдайдың толық мән-жайы анықталуда.

Өз кезегінде қыздың әкесі полицейлерге өзінің шынайы алғысын білдіре отырып: – Қызым жоғалған бойда полицейлерге арыздандық. Содан бері 10 күн бойы үзіліссіз іздестіріп, соңында қызымды Алматы қаласынан тауып, аман-есен қолыма табыстады. Үлкен алғыс, жұмыстарына табыс тілеймін!, – деп ризашылығын жеткізді.

Қуанарлығы тәртіп сақшыларының жүйелі жұмыстары оң нәтиже беріп, туыстарымен қатар, елді алаңдатқан қыздың аман-есен табылғаны. Осы тұста Түркістан облысы полицейлері азаматтарға өздеріңіздің ұл-қыздарыңызбен дос болып, жиі сөйлесіп отыруға, араласатын ортасын толық біліп, бақылауда ұстауға кеңес береді. Ал, егер балаңыз жоғалып немесе бірер сағат болсын еш хабарсыз кетсе, уақытты өткізбей, тез арада полицияның “102” телефонына хабарласыңыздар деп ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру