Ұландық Абылайхан Жүсіпов бокстан әлем чемпионатында жеңіске жетті
Ұландық Абылайхан Жүсіпов бокстан әлем чемпионатында Қазақстанға үшінші алтынды тарту етті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
2-13 желтоқсан аралығында Дубайда Халықаралық бокс қауымдастығында (IBA) ерлер арасында бокстан әлем чемпионаты өтті. Жарысқа әлемнің 109 елінен шамамен 430 боксшы қатысты. 13 салмақ дәрежесіндегі жауынгерлер ең мықты атақ үшін жұдырықтасты.
Ақтық сында 71 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қазақстандық боксшы - ҚР ІІМ Ұлттық ұланы спорт командасының мүшесі қатардағы Абылайхан Жүсіпов ресейлік Сергей Колденковпен кездесті. Кездесу төрешілердің дербес шешімімен отандасымыздың жеңісімен аяқталды.
Осылайша, Абылайхан Жүсіпов әлем чемпионы атанып, Қазақстан құрамасына турнирдің үшінші алтын медалін әкелді, ал Сергей Колденков күміс жүлдегер атанды. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейінгі алтынды Сәкен Бибосынов (54 кг) пен Оразбек Асылқұлов (57 кг) жеңіп алған еді.

Дубайдан оралғаннан кейін елордалық әуежайда чемпионат жүлдегерлерінің салтанатты кездесуі өтті. Әскери қызметшіні ата-ана, туыстары, жанкүйерлері, қызметтегі және спорттағы әріптестері қарсы алды. Олардың арасында Олимпиада чемпионы, бокстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Серік Сәпиев те болды. Ұландықтар чемпионды лайықты жеңісімен құттықтап, барлық жас әскери қызметшілерге үлгі болған жетістігі үшін алғыс білдірді.
