Ұландық құрлықтық чемпионатта жауынгерлік самбодан күміс жүлдегер атанды
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшісі қатардағы Арман Тұрымбетов жауынгерлік самбодан Азия және мұхит аймағы чемпионатында күміс медаль иеленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ташкент қаласында кадеттерден бастап шеберлерге дейінгі әртүрлі жас санатындағы самбошылар беделді турнирдің жүлделерін сарапқа салды. Жарыстың екінші күнінде қазақстандық спортшылар сенімді әрі жарқын өнер көрсетіп, ұлттық құрама қоржынына бірнеше жүлде салды. Солардың бірі – ҚР ІІМ Ұлттық ұланның "Батыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Арман Тұрымбетов жеңіп алған күміс медаль.
58 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үздік атанған өзбекстандық спортшы Лутфилла Сайдаматов алтын медальға ие болса, қола жүлдені түрікменстандық Юсуп Тәңірбердиев пен қырғызстандық Калис Койчуманкулов бөлісті.
– Бұл мен үшін жай ғана медаль емес — бұл халықаралық аренада Қазақстан мен ҚР ІІМ Ұлттық ұланның намысын қорғау мүмкіндігі. Мені қолдаған барша жанға алғысымды білдіремін. Алда әлі талай жұмыс бар, мен алтынға қол жеткізу үшін бар күшімді саламын, – деді ұландық.
Айта кетейік, құқықтық тәртіп әскерлерінің әскери қызметшілері тек қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, Қазақстанды ірі халықаралық ареналарда абыроймен танытып келеді. Мәселен, өткен жылы "Батыс" өңірлік қолбасшылығының 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Еламан Қойшыбаев самбодан өткен әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болып, ел қорғандарының жоғары дайындық деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.