Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұландық спортшы әлем кубогында ел абыройын асқақтатты

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының спорт командасын даярлау орталығының аға маманы, дене шынықтыру және спорт бойынша аға нұсқаушысыр Милад Карими Хорватияның Осиек қаласында өткен спорттық гимнастикадан Әлем кубогының төртінші кезеңінде ел қоржынына қола медаль салды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Едендегі еркін жаттығулар бойынша өткен финалдық сын Милад үшін сәтті аяқталды. Ол 13,966 ұпай жинап, жоғары кәсіби шеберлігін паш етіп, құрмет тұғырының үшінші сатысына көтерілді.

Айта кетейік, бұл дода – биылғы Әлем кубогы сериясының төртінші кезеңі болатын және оған 35 елден рекордтық деңгейде спортшылар қатысты. Қазақстан құрамасы сапында Нариман Құрбанов, Зейнолла Ыдырысов (атқа міну жаттығулары), Асан Сәлімов (тірек секіру) және Милад Карими ел намысын қорғады. Ұландық спортшы едендегі еркін жаттығулардан бөлек, зілтемірде де өнер көрсетті.

Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы екі қола медаль иеленді. Нариман Құрбанов ат спорты бойынша финалда 14,233 ұпай жинап, жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Милад Каримидің бұл жетістігі – оның жеке табысы ғана емес, сонымен қатар қатарында ерлік пен ептілікті ұштастырған чемпиондар қызмет ететін Ұлттық ұланның мерейі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру