Ұландық спортшы дзюдодан республикалық турнирде күміс жүлде иеленді
Ұландық спортшы республикалық турнирде күміс жүлде иеленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
27 сәуір күні Павлодар қаласында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Батырбек Сейсенбаевты еске алуға арналған дзюдодан XXVI ашық республикалық турнир өз мәресіне жетті.
Ерлер арасындағы бәсекеде ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5571 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы батальонының атқышы Әділет Ахметғали жоғары деңгейде өнер көрсетті. Ол дайындықтың мықтылығын, жауынгерлік рухын және жеңіске деген ұмтылысын айқын танытып, жарыстың әр кезеңінен сенімді өтті. Тартысты белдесулерде табандылық пен қайсарлық көрсеткен Әділет қорытындысында күміс жүлдені қанжығасына байлады.
– Осындай деңгейдегі турнирлерге қатысуға мүмкіндік жасап, үнемі қолдау білдірген қолбасшылыққа шынайы алғысымды білдіремін. Олардың сенімі мен қолдауы маған зор күш-жігер сыйлады. Алдағы жарыстарда да ел намысын абыроймен қорғау үшін бар күшімді саламын, – деп бөлісті Әділет Ахметғали өзінің әсерімен.
Ұландық жауынгердің бұл жетістігі өзге де әскери қызметшілердің жан-жақты дамуына, дене шынықтыру деңгейін арттыруға және жауынгерлік рухты шыңдауға зор серпін беретіні сөзсіз.
Әділеттің жеңісі – тек 5571 әскери бөлімі үшін ғана емес, бүкіл Ұлттық ұлан үшін үлкен мақтаныш.