Ұландықтар 101 жастағы ардагерге құрмет көрсетті
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері 101 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Рзағұл Байкешевті Жеңістің 80 жылдығымен құттықтап, сый-сияпат табыс етті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Құрмет қарауыл ротасы ардагердің үйінің алдында сап түзеп, салтанатты шеру жасады. Ұлттық ұланның оркестрі соғыс жылдарының әндерін орындап, қарияға ерекше көңіл-күй сыйлады.
5573 әскери бөлімінің командирі Аян Есжанов соғыс ардагеріне Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабековтың атынан құттықтау лебізін жеткізді.
— Біз ашаршылықты да, жоқшылықты да, қуғын-сүргінді де көрдік. Ұлы Отан соғысы өзіміздің басымыздан өтті. Бірақ біздің көргенімізді кейінгі ұрпақ көрмесе екен деп тілеймін. Елеп-ескергендеріңізге көп рақмет, — деді ардагер.
Ардагер 1923 жылы 18 қарашада Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында дүниеге келген. 17 жасында әскерге аттанып, Ресей, Польша, Румыния, Венгрия жерлеріндегі шайқастарға қатысты. Ерлігі үшін І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және “Маршал Г.К. Жуков” медалімен марапатталған.
Айта кетейік, Ұлттық ұланда “Жеңіске 100 күн қалғанда” акциясы өтіп жатыр. Оның аясында әскери бөлімдерде патриоттық шаралар, ардагерлермен кездесулер ұйымдастырылып, Жеңіс шеруіне дайындық жүргізілуде.