Ұландықтар АҚШ қарулы күштерінің нұсқаушыларымен бірге тактикалық медицина бойынша оқу-тренингіне қатысты
Ұлттық ұлан жауынгерлері АҚШ Қарулы күштерінің нұсқаушыларымен бірге тактикалық медицина бойынша оқу-тренингіне қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Өскемен қаласында Ұлттық ұланның "Шығыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты 3477 әскери бөлімінің антикризистік орталығы базасында АҚШ қарулы күштерінің нұсқаушыларының қатысуымен тактикалық медицина бойынша оқу-тренинг өтті.

Оқу курсының басты мақсаты – "Бүркіт" арнайы мақсаттағы бөлімшесі әскери қызметшілерінің жауынгерлік жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын жетілдіру және кәсіби даярлығын арттыру болды.
Сабақ барысында әскери қызметшілер MARCH алгоритмін кезең-кезеңімен қолдануды, өмірге қауіпті қан кетуді тоқтату әдістерін, тыныс жолдарының өткізгіштігін қамтамасыз ету тәсілдерін меңгерді. Сондай-ақ кеуде қуысы жарақаттарында және денеге бөгде зат түскен жағдайда әрекет ету тәртібі, дала жағдайында қан құю мен инфузиялық терапия жүргізу дағдылары пысықталды.
Медициналық қамтамасыз етуді жоспарлау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл бағытта эвакуациялық маршруттарды ұйымдастыру, басшылық құраммен өзара іс-қимыл жасау және жаралыларды жинау пункттерін құру тәртібі талқыланды.
Оқу-тренинг қорытындысы бойынша қатысушылар шектеулі уақыт пен ресурстар жағдайында көмек көрсету бойынша тәжірибелік дағдыларын бекітті. Мұндай дайындық дағдарыстық жағдайларда, жергілікті арнайы операциялар мен террорлық актілердің салдарын жою кезінде тапсырмаларды тиімді орындауға мүмкіндік береді.
Аталған оқу іс-шарасы Ұлттық ұлан жүйесінде тактикалық медицинаны дамыту бағытындағы кешенді жұмыстың бір бөлігі болып табылады. 2025 жылғы басым бастамалардың бірі ретінде Ұлттық ұлан құрылымында арнайы тактикалық медицина қызметін құру жоспарланған. Бұған дейін осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы ретінде 6654 әскери бөлімінде құқықтық тәртіп әскери бөлімдерінің орта буын медицина мамандары үшін оқу-әдістемелік жиын өткізілген болатын.
