Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұландықтар дзюдодан Азияның ашық кубогында жүлдегер атанды

Ұландықтар дзюдодан Азияның ашық кубогында жүлдегер атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтау қаласында ерлер мен әйелдер арасында Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған дзюдодан Азия ашық кубогы өтті. Бұл дәстүрлі турнир Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) ресми күнтізбесіне кіреді және жыл сайын континенттің ең мықты спортшыларын жинайды.

Биыл татамиге Әзербайжан, Беларусь, Гонконг, Иран, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Өзбекстан, Қазақстан, сондай-ақ Халықаралық дзюдо федерациясының құрамасынан 200-ден астам шебер шықты. Жарыстар IJF ережелері бойынша өтті және спортшылардың халықаралық рейтингіне әсер ететін рейтингтік ұпайлар жинауға мүмкінді берді.

Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері ел атынан лайықты өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды. Ұландық спортшы Санжар Жабборов 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде ІІІ орын иеленді. Ал жолдасы Бауыржан Нарбаев 66 келіге дейінгі санатта қола жүлдегер атанды. 5571 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Әділет Ахметқали турнирлік тордан сенімді өтіп, 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс медаль жеңіп алды.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Халықаралық дзюдо федерациясының рейтингтік ұпайларына ие болды: бірінші орын үшін — 100, екінші орын үшін — 70, үшінші орын үшін — 50 балл.

Жауынгерлердің халықаралық аренада табысты өнер көрсетуі ҚР ІІМ Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің спорттық даярлығының жоғары деңгейінің және олардың Азияның ірі турнирлерінде Қазақстан намысын қорғауға деген ұмтылысының тағы бір дәлелі болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру