Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұландықтар Президент атынан ардагерлерге медальдар табыстады

ҚР ІІМ Ұлттық ұлан сарбаздары Президент атынан ардагерлерге медальдар табыстады, — деп хабарлайды Polisia.kz.

"Жеңіске дейін 100 күн" акциясы аясында және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6636 әскери бөлімінің әскери қызметшілері соғыс және тыл ардагерлеріне ерен еңбектері үшін құрмет көрсетті. Ұландықтар қан майданнан өткен Анатолий Александрович пен Екатерина Сергеевнаның үйіне барып, Жеңіс күнімен құттықтады.
Сарбаздар ардагерлердің алдында саптық жүріспен өтіп, патриоттық әндер орындады. Ардагерлерге айрықша құрмет көрсетіліп, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан арнайы мерекелік медальдар табысталды. Кездесу барысында ардагерлер жүрекжарды лебізін білдіріп, Ұлттық ұлан сарбаздарына ақ батасын берді.

— Бүгінгі бейбіт күніміз – кешегі жанқиярлықпен келген жеңістің жемісі. Біз көрген сұрапыл соғысты тілмен айтып жеткізу қиын. Бірақ ең бастысы – халықтың бірлігі мен қайсар рухы бізге жеңіс әкелді. Сол рух сендерде де бар екенін көріп қуанып отырмын, – деді тебірене сөйлеген соғыс ардагері Анатолий Александрович

Тыл еңбеккері Екатерина Сергеевна да сарбаздардың сап түзеп, әнмен келіп құттықтағанына ризашылығын білдірді.

— Соғыста оқ пен оттың ортасында жүрген ерлердің артында біз – тылдағы еңбек адамдары тұрдық. Бір үзім нанды бөлісіп жеген, жанын шүберекке түйген заман еді. Қазір бәрі басқа, бірақ тарих ұмытылмауы керек. Бүгінгі ұрпақ бізді ұмытпай, төрімізден орын бергеніне шексіз алғыс айтамын, – деді ол.

Мұндай кездесулер ардагерлерге құрмет қана емес, сонымен қатар жас ұрпақ үшін терең тәрбие болып табылады. Олар ұрпақтар сабақтастығын, рух пен патриотизмді айқын көрсетеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру