Ұландықтар қала күніне орай Павлодарда концерт өткізді
Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарын қамтыған Ұлттық ұланның үгіт-насихат тобы өз жұмысын қорытындылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Aқпараттық-насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында делегацияға жетекшілік етіп келген әскердің бас тәрбиешісі Қайрат Үмбетов және Павлодар облысы ПД бастығы Василий Скляр бастаған әскерилер «Даңқ» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Тағылымды шара қарулы күштер қатарында қызмет еткен, Ұлттық ұланның ардагері, тыл еңбекқоры Николай Зиченкомен кездесумен жалғасты.
Ол 1929 жылы 14 мамырда Ақмола облысы Атбасар ауданы Советская ауылында дүниеге келген. 1949 жылы әскери мерзімді қызметке шақырылған. Украинадағы Карпат әскери округінде қызмет еткен. Әскерден кейін Атбасар қаласының Атбасар автомобиль ротасында жүргізуші болып жұмыс істеген. Павлодар қаласының 6679 әскери бөлімінде рота старшинасы лауазымында қызмет атқарған. 1986 жылға дейін взвод командирі лауазымында болды. Қазір зейнеткер Павлодар қаласында тұрып жатыр.
Генерал-майор Қайрат Үмбетов ардагерге Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Еркін Ботақановтың құттықтауын жеткізіп, ақжарма тілегін арнады. Қарияның үйінің жанында 5512 әскери бөлімінің оркестрі әскери әндерді орындады.
94 жастағы ақсақал Ұлттық ұлан басшылығына ризашылығын білдіріп, құқықтық тәртіп әскерінің бүгінгі күндегі абыройлы қызметіне оң бағасын берді.
Осыдан кейін Халық Қаһарманы Ұлттық ұлан құрамында қызмет ететін көпбалалы отбасының үйіне барып, жағдайларымен танысты.
Сонымен қатар «Ertis» телеарнасының «Бірінші студия» бағдарламасына сұхбат берді. Әңгіме барысында ақпараттық-насихат тобының мақсаты айтылды. Әскери саланы меңгеру үшін қажет оқу орындары жайлы мәліметтер баяндалды. Ансамбльдің ерлер хоры да бағдарламаның арнайы қонағы атанды.
Бас қолбасшының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Павлодар облысының білім беру бөліміне қарасты «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы» мекемесіне де барды. Орталықтың жұмысымен, мекеме ішіндегі жабдықтармен танысты. Ал Ән-би ансамблі балалардың алдында жігерлі әндерді орындады.
Ұландықтар балалардың көңіл күйін көтеріп, Бас қолбасшының атынан балаларға әкелген базарлықтарын табыстады.
Сондай-ақ Ертіс өзенінің жағалауындағы сән-салтанаты келіскен сахнада «Ұлттық ұлан – ұлт рухы» концерттік бағдарламасы қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылды. Ол жерде ансамбльдің қыз-жігіттері репертуарларындағы ерекше әндерді орындап, тыңдарман көңілінен шығуға тырысты.
Концерт соңында өнерпаздарға Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың атынан ықылас гүлі табысталды. Сахнаға көтерілген қала әкімінің орынбасары Светлана Гладышева әскерилердің өнеріне тәнті болғанын жеткізді.
– Бұл бәріміз үшін ерекше сыйлық болды. «Ertis Promenade» сахнасында өнер көрсеткен, тамаша дауысқа ие, биге шебер әскери қызметшілерге алғыс айтқым келеді, – деді Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Анатольевна.