Ұландықтар соғыс ардагерін салтанатпен құттықтады
Петропавлда Ұлттық ұлан академиясының курсанттары мен 6637 әскери бөлімінің сарбаздары Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай ардагер Федор Щегловты арнайы құттықтады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл игі шараға бастамашы болған – курсанттармен сарбаздардың өздері. Ардагерге құрмет көрсету идеясын академия басшылығы мен әскери бөлім қолдады.
98 жастағы майдангердің үйінің алдында есептік топ саптық шерумен жүріп өтті. Оларды әскери оркестр сүйемелдеді. Майданда танкист болған қария жастарға соғыс жылдарының сұрапыл тұстарын айтып берді.
– Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне елеp-ескергендері үшін алғыс білдіремін. Аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын. Ең бастысы – соғыс атаулы болмасын, – деді майдангер.
Федор Щеглов ұрысқа Кенигсберг қаласында қосылған. Ал Палауда өткен қанды қырғында қаруластарынан айырылудың қандай екенін бастан кешті. Оның жауынгерлік жорықтағы ерліктері де елеусіз қалмады. II дәрежелі Отан соғысы орденімен, “Жапонияны жеңгені үшін” медалімен марапатталған.
Айта кетейік, құқықтық тәртіп әскері “Жеңіске жүз күн қалғанда” акциясы аясында сарбаздардың қатысуымен түрлі іс-шаралар өткізіп келеді.