Ұландықтар спорттық снайпингтен өткен халықаралық жарыста жүлделі орындарға ие болды
Павлодар қаласында "Kazakhstan Kahles Dynamic Long Range Competition" атты спорттық снайпингтен халықаралық жарыс өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл турнирге Қазақстан мен Қырғызстаннан келген 59 үздік мерген қатысты. Олардың қатарында әскери қызметшілер, күштік құрылым өкілдері және ҚР IPSC Практикалық атыс федерациясының мүшелері болды.
Жарыс шынайы әскери жағдайға барынша жақын ортада өтті. Қатысушылар ұзақ қашықтыққа оқ атып, күрделі тактикалық жаттығуларды еңсерді.
Нәтижесінде ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері "тактикалық класс" санатында жоғары шеберлік танытып, II және III орындарды иеленді.
Бұл нәтиже "Burkit team" командасының кәсіби даярлығының жоғары деңгейде екенін және жауынгерлік жағдайда тиімді әрекет ете алатынын дәлелдеді.
Айта кету керек, мұндай халықаралық жарыстарға қатысу түрлі елдердің әскери қызметшілері арасындағы жауынгерлік бауырластықты нығайтып, тәжірибе алмасуға, кәсіби шеберлікті арттыруға және снайперлік дайындықты одан әрі дамытуға септігін тигізеді.