Ұландықтар түзеу мекемесіне тыйым салынған затты лақтырмақ болған күдіктіні ұстады
Ақтөбе қаласында белгісіз азамат түзеу мекемесіне тыйым салынған затты лақтырмақ болған жерінен ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға 8 қазан сағат 17:50 шамасында болған.
Қылмыстық-атқару жүйесінің №8 мекемесінің қауіпсіздігін күзетіп жүрген ҚР ІІМ Ұлттық ұлан жауынгері қатардағы Максим Ким алты адамның тыйым салынған аймаққа жақындап келіп, колония қоршауынан ішке қарай белгісіз затты лақтыруға әрекет етіп жатқанын байқап қалады. Бұзақылардың бұл әрекетін байқаған ұландық сарбаз шұғыл әрекет етті. Арттарынан қуған Максим Ким заң бұзушылардың бірін қолға түсірді. Қалған бұзақылар қолға түскен сыбайластарын құтқару үшін Ұлттық ұлан сарбазына жан-жақтан жабыла бастаған. Алайда көмекке басқа әскери жасақ қызметкерлері жүгіріп келе жатқанын байқап қалып, белгісіз бағытқа қаша жөнелген. Ұсталған азаматты тінту барысында қалтасынан екі телефон және екі SIM-карта табылды.
Ұлттық ұлан жауынгерінің қырағы қызметінің нәтижесінде тыйым салынған заттарды мекеме аумағына кіргізуге жол берілмеді.
Аталған факт бойынша тәркіленген заттарды анықтау және одан әрі процессуалдық шешім қабылдау үшін заңды бұзған азаматтарға қатысты материалдар әкімшілік сотқа жіберілді.