Үлгілі ауыл: тұрғындар тыныштығын күзеткен учаскелік полицей
Абай облысындағы Кеңгірбай би ауылдық округінің тұрғындары өзгелерге үлгі боларлық ерекше қадамға барды – олар алкогольден өз еркімен бас тартты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл – жергілікті полиция қызметкерлері мен ауыл тұрғындарының ортақ еңбегінің жемісі. Қоғамдық сананың жоғары деңгейі мен тәртіптің сақталуы – полиция мен халықтың өзара сенімі мен тығыз қарым-қатынасының нәтижесі.
Осы игі бастаманың іске асуына тікелей атсалысқан тұлғалардың бірі – Абай ауданы полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік инспекторы Айбек Мұханов.
Оның қызметі – тек көшелерді патрульдеумен шектелмейді, ол күн сайын тұрғындармен кездесіп, құқық бұзушылықтардың алдын алу және құқық қорғау органдарына деген сенімді арттыру бағытында жұмыс істейді.
– Учаскелік инспектордың жұмысы – бақылау жасау ғана емес, халықпен үздіксіз диалог жүргізу. Азаматтардың мәселелерін түсініп, уақытында көмек көрсету – біздің басты міндетіміз. Әсіресе ауылдың қарияларымен, ақсақалдарымен байланыс орнатып, дәстүр мен құндылықтарды сақтауға баса назар аудару қажет, – дейді Айбек Мұханов.
Полицейдің бастамасымен ауылда жастармен кездесулер, ақсақалдармен сенімді әңгімелер ұйымдастырылып, құқықтық сауаттылықты арттыру бойынша тұрақты жұмыстар жүргізіледі. Нәтижесінде Кеңгірбай би ауылы тек тәртіп сақталған елді мекен ғана емес, қауіпсіз қоғам қалыптастырудың үлгісіне айналды.
Бұл жағдай бір нәрсені айқын көрсетеді: қауіпсіздік – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның саналы таңдауы. Егер халық пен полиция күш біріктірсе, кез келген игі өзгеріске қол жеткізуге болады.