Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Үлкен мамандық – кішкентай суретшілердің көзімен: қостанайлық балалар сурет байқауына қатысты

Қостанай облысы полиция департаментінде "Мен полиция боламын" және "Менің ата-анам – полицей" тақырыптарында балалар арасында шығармашылық сурет байқауы ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Игі шараны полиция департаменті "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамымен бірлесе өткізді. Онда полиция қызметкерлерінің балалары өз туындылары арқылы ата-аналарының кәсібіне деген құрмет пен сүйіспеншіліктерін бейнеледі.

Байқау қорытындысы бойынша үздік жұмыстар іріктеліп, жас суретшілер алғыс хаттар мен естелік сыйлықтармен марапатталды. Қостанай облысы ПД Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сапабек Құлбеков балалардың шынайы сезімдеріне толы еңбектеріне жоғары баға берді.

– Бұл туындылар – балалардың ата-аналарына деген мақтанышы мен олардың маңызды қызметіне деген ілтипатының көрінісі. Жас ұрпақтың тәртіп сақшыларына бала кезден құрметпен қарауы – болашаққа деген сенімді арттырады, – деді ол.

Көпшіліктің ықыласына ерекше бөленген 1-сынып оқушысы Нағашыбай Бөгенбай әкесін полиция формасында бейнелеп, арманын ашық жеткізді:

– Мен әкем сияқты батыл, әділ, адамдарға көмектесетін полиция болғым келеді, – деді кішкентай суретші.

Бұл байқау – балалардың бойында отансүйгіштік пен еңбексүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған тәрбиелік мәні зор шара ғана емес, сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісіне айналды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру