Үлкен шаңырақтың берекесін келтірген полиция подполковнигі
Жауапкершілігі жоғары полиция қызметінде жан-жақты, сегіз қырлы талант иелері бар. Осындай өнерлі қызметкердің бірі — Жамбыл облысы Полиция департаменті Қаржымен қамтамасыз ету басқармасы бастығының міндетін атқарушы Айнұр Аманқұлқызы Жаппарханова жайлы Рolisia.kz сайты ақпарат ұсынады.
Қаржылық басқару саласында еңбек ету – үлкен жауапкершілік пен жоғары кәсібилікті талап етеді. Құқық қорғау органының тұрақты жұмысы да қаржылық тәртіп пен нақты жоспарлауға тікелей байланысты.
Айнұр Аманқұлқызы осы сенім жүгін абыроймен арқалап, ұжым арасында білікті басшы, іскер ұйымдастырушы ретінде танылып келеді.
– Бір саннан қателесу үлкен шығындарға жол беруі мүмкін, сондықтан әрбір есепте мұқияттылық қажет дейді ол.
Күні бойы ой жүйесіне түрлі қаржылық сандармен жүк түсіретін полиция қызметкері, үйге келгендегі ерекше хоббиімен бөлісті. Айнұр Аманқұлқызының айтуынша, бос уақытында қолөнермен айналысып, тігін ісіне қызығушылық танытады. Үйін сәндеп, перделерін де өзі тігетінін жеткізді. Бұл оның жан дүниесінің нәзіктігі мен шығармашылығын айғақтайды.
19 жылдан астам ішкі істер органдарында қызмет атқарып келе жатқан А.Жапарханова тынымды жұмысы мен адал еңбегі үшін "ІІО үздігі" төсбелгісімен, ҚР ІІМ Алғыс хатымен, ҚР ІІМ Құрмет грамотасымен марапатталған. Бұл марапаттар – оның кәсіби біліктілігі мен қызметіне деген адалдығының айқын дәлелі.
Бүгінде, Айнұр Аманқұлқызы 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсіріп, келін түсіріп отырған ардақты ана. Үлкен шаңырақта ата-енесімен бірге тұрып, отбасының берекесін келтіріп отырған жан. Осындай білімді де білікті, парасатты арулар полиция қызметінің беделін арттырып, қоғамға үлгі болуда.
