Ұлттық қорғаныс университетінде офицерлерді шығарып салу рәсімі өтті
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде оқуын тәмамдаған офицерлерді салтанатты шығарып салу рәсімі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
150-ден астам магистрант Қазақстан Қарулы Күштері офицерлер корпусының, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың қатарын толықтырды. Олардың арасында Ұлттық ұланның 24 офицері бар.
Елордадағы Ұлттық қорғаныс университеті – еліміздегі жоғары әскери білім берудің флагманы, инновацияларды енгізу саласындағы көшбасшы, сондай-ақ Орталық Азиядағы ірі әскери жоғары оқу орны. Университет ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Қарулы Күштері үшін әскери кадрларды бірлесіп даярлайтын оқу орындары тізіміне енгізілген.
Сонымен қатар бұл университет Қазақстанның барлық әскери оқу орындары үшін ведомствоаралық оқу-әдістемелік орталық болып саналады.
Ұлттық университеттің бастығы Лут Альчекенов салтанатты іс-шарада сөйлеген сөзінде қазіргі уақытта оқу орны жедел-тактикалық және жедел-стратегиялық басқару буыны үшін бір жарым мыңнан астам әскери мамандар даярлағанын атап өтті.
– Сіздердің алдарыңызда өз әскери бөлімшелеріңіздің беделін арттыру және жауынгерлік дағдыларды жоғары деңгейге көтеру міндеті тұр. Мұнда біз Қазақстан армиясының офицерлерін ғана емес, Қырғыз Республикасының, Тәжікстан Республикасының және Армения Республикасының өкілдерін де дайындадық. Сіздер өз елдеріңіздегі қарулы күштердің міндеттерін ойдағыдай шешуге және елдеріңіздің тәуелсіздігін нығайтуға мүмкіндік беретін білім мен дағдыларға ие болдыңыздар, – деді оқу орнының бастығы.
Түлектер әскери тактика мен стратегияның ерекшеліктерін зерттеп, шет тілдерін меңгерген.
– Сіздерді әскери қызметтің кезекті маңызды кезеңін – Қазақстан Республикасының ең беделді әскери жоғары оқу орны – Ұлттық қорғаныс университетіндегі білім жолын аяқтауларыңызбен құттықтаймын. Бұл университет ыстық сезім ұялататынына сенімдімін. Сіздер білімнің мол қорымен ғана емес, достық қолдау мен өзара көмек рухын бойға сіңіріп барасыздар, – деді Армения Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Армен Гевондян түлектерді құттықтауында.
Құқықтық тәртіп әскерлерінің 24 әскери қызметшісі «Ұлттық ұландағы менеджмент» білім беру бағдарламасы бойынша төрт біліктілік бойынша оқытылды: «ҰҰ-ның жедел-тактикалық басқармасы», «Азаматтық қорғаныстың жедел-тактикалық басқармасы», «ҰҰ-ның тәрбие және идеологиялық жұмысын ұйымдастыру» және «ҰҰ-ны техникалық қамтамасыз етуді басқару».
Айта кетейік, магистранттарды салтанатты шығарып салу іс-шарасы ҚР Қорғаныс министрлігінің ансамблі дайындаған мерекелік концертпен аяқталды.