Ұлттық ұлан академиясын жас офицерлердің 23-ші легі аяқтады
ҚР Ұлттық ұланы Академиясынан жас лейтенанттардың 23-ші шығарылымы аттанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Биыл оқу орнын 186 түлек бітірді. Оның ішінде сегіз жас лейтенант үздікке аяқтады. Қазақстандық түлектермен бірге Тәжікстан Республикасының он өкілі диплом алды.
Айта кетейік, жоғары оқу орнын үздік бітірген төрт түлек Мемлекеттік рәміздер күні лейтенанттық погондарды мерзімінен бұрын алған болатын.
Ішкі істер министрі мен өңір әкімінің қолынан көптен күткен ерекше үлгідегі дипломдарды бірінші болып оқу орнын үздік бітірген түлектер алды.
Құқық қорғау ведомствосының басшысы түлектердің Академия қабырғасында алған терең теориялық білімі, мұқият кәсіби дайындығы және моральдық-психологиялық шынығуы олардың одан әрі дамуына берік негіз болатынына сенім білдірді.
– Отандық әскери академиялар мен институттар халықаралық стандарттарға сай болуы үшін Мемлекет басшысы III Бүкілармиялық кеңесте бірқатар міндеттер қойған болатын. Сондықтан Академияның әлемдік стандарттарға толық сәйкес келуі үшін көп нәрсе істеу керек.
Осы ретте мемлекеттің қамқорлығының арқасында білім ордасы аумағында заманауи оқу корпусының, казарманың және спорткешенінің құрылысы жүріп жатыр, сондай-ақ ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстары жасалуда. Сонымен қатар Алматы, Шымкент және Өскемен қалаларындағы оқу орталықтарының базасында Академияның филиалдары құрылды, – деді Марат Ахметжанов.
Солтүстік Қазақстан облысы басшылығының атынан түлектерді оқу орнын сәтті аяқтауымен облыс әкімі Айдарбек Сапаров та құттықтады.
– Аға буынның батылдығы мен ерлігінен үлгі алу – сіздердің міндеттеріңіз. Ол үшін нағыз командир және тәлімгер болу керек. Принцип пен табандылыққа сүйеніп қызмет етіңіздер. Кез келген сын-тегеуріндерге қарсы тұрып, ұлттық мүдделерімізді қорғауларыңыз қажет, – деді ол.
Өз кезегінде Тәжікстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің қолбасшысы Сухроб Орзу Рауфзода ҚР ІІМ және Ұлттық ұлан басшылығына жылы қабылдауы үшін және елімізге жұмыс сапарымен келуге мүмкіндік жасағандарына ерекше ризашылығын білдірді.
– Жылдан жылға біздің республикалар арасындағы әскери ынтымақтастық дипломатиялық байланыстардың маңызды салаларының бірі ретінде дамып келеді. Мемлекетаралық келісімдерге сәйкес біздің курсанттар ҚР Ұлттық ұланы Академиясында оқиды және 10 жылдан бері жыл сайын Тәжікстан Республикасы Ішкі әскерлерінің қатарын толықтырады. Бүгінде ҚР Ұлттық ұланының оқу орнын бітірген жоғары білікті 89 офицер Тәжікстан Республикасы Ішкі әскерлерінің бөлімшелерінде абыроймен қызмет етіп жүр, – деді Сухроб Орзу Рауфзода.
Түлектердің атынан лейтенант Әулет Сембек сөз сөйледі. Ол Академияның қолбасшылығы мен профессор-оқытушылар құрамына берген білімдері үшін алғысын жеткізіп, офицердің ар-намысын жоғалтпайтындығына және командирлердің үмітін ақтайтындығына сендірді.
Содан кейін армия дәстүрі бойынша оқу орнының жауынгерлік туымен қоштасу рәсімі өтті.
Биыл Академияның жауынгерлік туымен қоштасудың құрметті құқығына барлық түлектер атынан оқу орнын үздік бітірген лейтенант Санжар Шымкентбай ие болды.
Салтанатты рәсім Ұлттық ұлан мен Академияның жиынтық оркестрі дайындаған концерттік бағдарламамен, елордалық бригаданың құрметті қарауыл ротасы әскери қызметшілерінің дефилесін көрсетумен жалғасты.
26 жыл ішінде оқу орны төрт мың жас офицерді дайындаған. Олар Ұлттық ұлан офицерлер құрамының қатарын толықтырды. Оның ішінде 400-ден астам түлек Қарулы Күштерге, ҰҚК Шекара қызметіне, Мемлекеттік күзет қызметіне, Төтенше жағдайлар министрлігіне және ІІМ арнаулы бөлімшелеріне одан әрі әскери қызмет өткеруге жіберілді.
Көптеген түлектер құрамалар мен әскери бөлімдерді басқарады. Ал олардың кейбіреулері Бас қолбасшылықта және әскерлердің өңірлік қолбасшылықтарының штабтарында басшылық лауазымдарда қызмет етеді.